KAZ Minerals тобы еліміздегі білім сапасын арттыруға үлес қосты

 Жұмысшы мамандықтар жылында  компания Павлодар химия-механикалық колледжінде жаңа органикалық химия зертханасын ашты.

Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға қолайлы жағдай туғызды. Заманауи зертхананы жабдықтауға  шамамен  53 миллион теңге жұмсады.

Павлодар химия- механикалық колледжінде 600-ден астам студент 6 түрлі мамандық бойынша білім алады. Зертханашы-технолог мамандығына оқып жатқан жастар  жаңа органикалық химия зертханасының мүмкіндігін пайдаланып, алғашқы талдауларын жасап көрді. Бұл тәжірибе студенттердің практикалық дағдысын дамытуға және олардың кәсіби білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Диана Маулышәріп, студент:

- Осы кондуктометр құрылғысы арқылы мен электр өткізгішті анықтадым. Яғни бұл кондуктометр құрылғысы арқылы болашақ зауыт зертханаларында бізге алып келген реактивтердің концентрациясын және электр өткізгіштерін анықтай аламыз.

Компания білім мен ғылым саласын дамытуға мүдделі. Жас кадрларды даярлау үшін оқу орындарын  жоғары сапалы жабдықтармен қамтамасыз етіп, болашақта өндірісті білікті мамандармен толықтыруға үлес қосуда.

Джейми Каратти, "KAZ Minerals Bozshakol" ЖШС бас директоры:

- Соңғы бір жарым жылда біз жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың сапасын жақсартып, білім деңгейін көтеруге  шамамен бір жарым миллион доллар жұмсадық. Біз үшін студенттердің өндірісте қолданатын жабдықты меңгеріп шығуы  өте маңызды.

Павлодардың химия-механикалық колледжінің бес студенті KAZ Minerals тобының гранты бойынша оқиды. Келешекте олар  "Kazmineralsbozshakol компаниясына жұмысқа орналасады. Грант иегері  Самал Темірова химия саласын таңдапты.

Самал Темірова, студент:

- Мен болашақта жоғары сұранысқа ие кәсіби маман болғым келеді. Жаңадан ашылған зертханада химиядан  білімімді жетілдіремін.

Иран Бектеміров, химия-механикалық колледжінің басшысы:

- Біздің  әлеуметтік серіктестеріміз  жастарды сапалы біліммен қамтуға үлес қосуда. Заманауи зертханада білімін шыңдаған жастар ертең білікті  маман болып шығады.

KAZ Minerals тобы жас мамандарды қолдай отырып, болашаққа инвестиция салады. Павлодар химия-механикалық колледжінде ашылған органикалық химия зертханасы осы стратегияның айқын дәлелі.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев