Қазақстан Еуропаға бал экспорттайды
Қазақстан Еуропалық одаққа бал экспорттайды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігі, Бельгиядағы Қазақстан елшілігі және Еурокомиссияның Денсаулық сақтау және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бас директораттың бірлескен жұмысының нәтижесі. Әлемдегі ең ірі нарықтың біріне шығу отандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік, өйткені Кәрі құрлық омарташылары Еуроодақ сұранысының 60%-ін ғана жабады. Ал біздің елде былтыр 4 мың тоннаға жуық бал өндіріліп, оның 228 тоннасы Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Сауд Арабиясы, Иордания мен Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталған.
Марғұлан Баймұхан, ҚР-ның Бельгия мен Люксембургтегі төтенше және өкілетті елшісі, Еуроодақ пен НАТО-дағы өкілдік басшысы:
- Бұл регламент біздің қазақстандық бал өндірушілерге өз тауарларын үлкен Еуропа нарығына жіберуге мүмкіндік береді. Біздің таза, табиғи балымыз кеңінен танылып келеді. Қазақстан елшілігі біздің мемлекеттік органдар және коммерциялық кәсіпорындармен Еуропа нарығына басқа да тауарларды шығару бойынша бірлескен жұмысты жалғастыра бермек.