Былтыр елімізден 18 мың тоннаға жуық қой еті экспортталды
Қазақтың асылтұқымды қойын моңғол фермерлері сатып алды, деп хабарлайды 24kz.
Екі ел арасында тиісті келісім бар. Жалпы кейінгі жылдары біздің қойды тірідей сатып алатындар артып келеді. Мәселен, іргедегі өзбек жұрты 2023 жылы 30 мың қой сатып алса, былтыр 40 мыңнан астам Шопан ата түлігін әкеткен.
Қой етіне де сұраныс көп. Былтыр 18 мың тоннаға жуық қой еті экспортталды. Қазір жаңа нарықтарды ашу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Әсіресе, Таяу Шығыс, араб елдеріне қой экспортын ұлғайту бойынша қолға алынған жұмыс бар. Дегенмен, салада проблема да жоқ емес.
Кейінгі отыз жылда әлемдегі қой саны бірнеше есе өсті. Мәселен, Қытайда Шопан ата түлігі 100 млн-ға, Моңғолияда 18 млн-ға көбейді. Ал іргелес өзбек елінде 7,5 млн-ға артты.
Дегенмен, қой етін экспорттау бойынша Австралия көш бастап тұр. 2023 жылы жасыл құрлық 500 мың тоннадан астам қой етін сыртқа шығарды. Сөйтіп, мал баққан ағайын 3 млрд доллар табыс тапты.
Кейінгі жылдары Қазақстанда да қой көбейіп келеді. Қазір 20 млн-нан астам қой бар. Алайда қой өнімін кәдеге жарату, жан-жақты ұқсату жағы кемшін түсіп тұр. Сенатор Сұлтан Дүйсембиновтің айтуынша, ішкі нарықты қамтуға отандық шаруашылықтардың қауқары жетпей тұр.
Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін 200 мың тонна қой еті керек екен. Оның 170 мың тоннасы өзімізде өндіріліп, қалған 30,1 мың тоннасы шет елден импортталатын жағдайға келіп отырмыз. Бұл көрсеткіштер қой шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айқын көрсетеді. Мемлекеттік қолдау бойынша былтырғы жылы бұл салаға 15,3 млрд теңге субсидия бөлінгенімен, қой шаруашылығы ірі қара, құс және шошқа шаруашылығынан кейінгі 4 орынға ысырылып қалып отыр.
Қой жүнінің құны жоқ. Ұсақ малдың басым бөлігі етті бағытта. Былтыр елде 42 мың тоннаға жуық жүн өндірілді. Бірақ мұның 26,5 мың тоннасы, яғни, 63%-і кәдеге жарамай, қоқысқа тасталды. Тек 7 мың тоннадан астамы ғана қайта өңделді. Ал 8 мың тоннаға жуық өнім экспортқа шығарылды.
Нарықта биязы жүннің бір келісі 350 теңге тұрады. Ал жартылай биязы жүн шамамен 150-200 теңгенің маңайында. Жүн өңдеу кәсіпорындары шикізатты барлық көздерден қабылдайды. Дегенмен, кәсіпкерлер тарапынан жүннің сапасына шағым көп. Себебі қылшықты жүн кез келген бұйымды жасауға жарай бермейді.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:
- Соңғы кезде көбінесе етті бағытқа көбісі бұрылып кетті де, ал олардан шығып отырған жүннің көпшілігі – қылшықты жүн. Осындай болғандықтан, міне, жүннің көп бөлігі, 20%-і ғана қазір өңделіп жатыр, қалғандары сұранысқа ие болмай қалып қойып жатқаны бар.
Биязы жүнді қойды көбейту үшін ел көлемінде түгендеу жұмыстарын жүргізу керек. Сенатор Сұлтан Дүйсембиновтің айтуынша, бұл шара асылтұқымды қой санын сақтауға, ұлғайтуға мүмкіндік береді. Әйтпесе, экспорттық талаптарды сақтау қиын. Сонымен қатар сенатор қой шаруашылығын дамытуда ғылымға сүйенген жөн дейді. Ғылыми зерттеу жұмыстарын ширатпаса, қолда бар тұқымның да құрып кетуі ғажап емес. Қазір елдегі қойдың 80%-і жекелеген шаруа қожалықтарында. Бұл малда қан тазалығы сақталып отырмағаны белгілі.
Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Егер салада ғылыми негіздемелер болмаса, жаңа тұқымдар шығарылмаса, қазіргі қолда бар асылтұқымды қойлар мен жетістіктерден де айырылып қалуымыз мүмкін. Оның үстіне елімізде асылтұқымды генетикалық қор да жоқ. Ол өз кезегінде қой шаруашылығын асылдандыруды тежейтіні сөзсіз. Ғылыми-зерттеу институтын қайта жандандырып, жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы жұмысын күшейтуді тез арада қолға алу қажет.
Бүгінде қой шаруашылығын дамытуға қатысты 2026 жылға дейінгі жол картасы бар. Бағдарлама шеңберінде мал тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, сырттан асылтұқымды тоқтыларды алдыру жолға қойылған. Былтыр Ресейден 500 қой әкелінді. Сондай-ақ қазақы қойға Өзбекстанда қызығушылық жоғары. Өткен жылы 47 400 қой шекара асса, оның басым бөлігі Өзбекстанға, 5 мыңға жуығы Әзербайжанға жөнелтілді.