Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер салық төлемейді

Салық реформасының арқасында қазынаға құйылатын қаржы көбейеді. Яғни жыл сайын 4-5 трлн теңге артық түспек. Бұл қаражат Ұлттық қорға түсетін ауыртпалықты азайтуға тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қарыз деңгейін төмендетуге, инвестициялық жобаларды несиелендіруге және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға жұмсалмақ.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер салық төлемейді

Түзетулер пакетін Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отыр. Құжаттағы негізгі ұсыныстар қосымша құн салығына қатысты. Министрлік қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендетуді көздеп отыр. Яғни 78 млн 600 мың теңгеден 15 млн теңгеге дейін түсуге тиіс. Ал қосымша құн салығының мөлшерлемесі 12%-тен 16%-ке көтерілуі керек. Сонымен қатар сараланған салық режимі қолданылады. Оның аясында бірқатар салалар бойынша 10%-тік мөлшерлеме бекітілген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер салықтан толық босатылмақ.

«Қазіргі уақытта аграрлық сектордағы шаруа қожалықтары қосымша құн салығын төлемейді. Ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ін төлеуге міндеттеледі. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы қосымша құн салығын төлемейді. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, яғни картоп, қызанақ, пияз және басқа да тауарларды өндірушілерді бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді» — Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Оффшорда ₸1,4 млрд жатыр

Кейінгі жылдары шетел асып кеткен ақшаға бақылау күшейді. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына кіретін елдер арасындағы ақпарат алмасу тиімді болып тұр. 

Мемлекеттік кірістер комитеті осы ақпарат негізінде 2 мыңнан астам азаматқа қатысты тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысында 1602 қазақстандықтың жеке табыс салығын төлемегені белгілі болды. Сөйтіп, олардан 5 млрд 400 млн теңге өндірілді. 

Қазіргі таңда қазақстандықтардың оффшорлық шоттарда 1 млрд 400 млн теңгесі бары белгілі. Ең көп сома Панамада. 1 млрд 200 млн теңге. Сондай-ақ Вануатуда 200 млн теңге, Сан-Маринода 100 млн теңге жатыр.

«Қазақстан ынтымақтастық географиясын кеңейте береді. Егер 2021 жылы 51 юрисдикциямен дерек алмассақ, 2024 жылы олардың саны 89-ға жетті. Оның ішінде 26 оффшорлық ел бар. Бұл тетік капиталды заңсыз шығаруға қарсы күресте маңызды құрал болып табылады. Сондай-ақ шетелде шоттары бар қазақстандықтардың кірістерінен салықтарды тиімді әкімшілендіруге көмектеседі. Тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде кейінгі жылдары салықтық ашықтық саласындағы халықаралық ынтымақтастық нығайып, бюджет түсімдері ұлғайып келеді» — ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.

Алақанмен ақша төлейтін күн жақын

Әрине, электронды технология дамыған сайын ақша айналымын бақылау жеңілдей түспек. Қазір халық көбіне ақшаны қолда ұстамайды. Ұлттық банктің мәліметі бойынша былтыр электронды төлем саны 13%-ке өсті. Жалпы көлемі 166 трлн теңгеден асты. Яғни былтыр жасалған төлемнің 98%-і QR немесе картамен жасалған.

Тұрғындар тек ірі сомаларды ғана қолма-қол ақшамен төлегенді жөн көреді. Үй, ғимарат, басқа да ірі нысандарды сатып алғанда банкке келіп есеп айырысады. Дегенмен жақын уақытта QR мен картаның да қажет болмауы мүмкін. Қазір елде алақанды қойып, ақша аударатын технология қолға алынды.

«Бұл әдеттегі пост-терминал. Бірақ құрылғыда адамды сәйкестендіру сканері орнатылған. Яғни мұнда карта, QR-мен қатар алақанмен төлем жасауға болады. Қазір биометриялық деректердің қауіпсіздігі өзекті болып тұр. Ал биометриялық тексеру, алақанмен төлем жасау бүгінгі таңда ең қауіпсіз технологияға айналды. Біз терминалды бірнеше ай бұрын шығардық. Қазір сынақтан өткізіп жатырмыз. Кейін терминалдарды банктің пост-терминалы сияқты орнату жоспарымыз бар» — Берік Нұрымбетов, кәсіпкер.

Әр тұтынушы ₸6,1 млн электронды төлем жасады

Электронды транзакциялардың 90%-і банктердің онлайн сервисі арқылы жүргізілді. Соған сәйкес онлайн-сервисті қолданушылар саны 13%-ке өсіп, 26 млн-ға жуықтады. Сонымен қатар әр тұтынушының мобильді банкингттегі онлайн-транзакциясының көлемі орта есеппен 7%-ке өсіп, 6,1 млн теңгеден асты.