Германияда Kazakhstan Investment күндері өтті
Майндағы Франкфуртта Kazakhstan Investment Day форумы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Экономикалық жиынды Қазақстанның Германиядағы Елшілігі, Германия экономикасының Шығыс комитеті, сондай-ақ AKA Bank ұйымдастырды. Оған екі елдің жетекші қаржы институттарының өкілдері жиналды. Инвесторлар Қазақстанның қай саласына қызығушылық танытты?
Майндағы Франкфурт қаласы – Германияның ең ірі қаржы орталығы ғана емес, Еуропаның негізгі инвестициялық алаңдарының бірі. Сондықтан Kazakhstan Investment күндерінің дәл осы жерде өтуі бекер емес. Басты мақсат – экономикалық мүмкіндіктерімізді көрсету және неміс инвестициясы мен технологиясын тарту. Жиынға 200-ден астам адам жиналған. Арасында саясаткерлер, инвесторлар мен сарапшылар да бар.
Марк Венчик, AKA Bank басқарушы директоры:
- Біз неміс компанияларынан осыншама өтініш алған емеспіз. Бұл Қазақстанға деген қызығушылықтың қаншалықты жоғары екенінің айқын көрінісі болса керек. Жалпы арадағы ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндіктер көп.
Делегацияны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастап барды. Екіжақты экономикалық байланыс ұтымды жолға қойылған. Осыны айтқан Роман Скляр Германияның іскерлік қауымдастығын Қазақстанға инвестиция құюға шақырды.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы:
- Біздің еліміздің инвестициялық ахуалы, әрине, инвесторларды тартуда үлкен рөл атқарады. Германияның мүмкіндіктері өте кең. Оларды Қазақстандағы технологиялық өндіріс пен өңдеуші секторға тарту арқылы еліміздің дамуына ықпал етеміз.
Германия үшін Қазақстан Орта Азиядағы қызығушылық тудырып отырған бірден-бір мемлекет десек артық айтқандық емес. Неміс компаниялары біздің нарыққа кіру арқылы көрші елдерге де өз өнімдерін ұсынуға ниетті.
Манфред Пентц, Гессен халықаралық ынтымақтастық істер жөніндегі министрі:
- Қазақстан – Германия үшін Орталық Азиядағы ең маңызды сауда серіктесі. Келесі айда үлкен делегациямен сіздерге барамыз. Фармацевтика, цифрландыру, соның ішінде жасанды интеллектіні дамыту сияқты салалардағы ынтымақтастықты дамытуға ден қоймақпыз.
Уве Кнотцер, Knauf AG басқарушы серіктесі:
- Форум қызықты өтті. Әсіресе инвестиция саламын деушілерге өте пайдалы болды. Қазақстан – саяси тұрғыдан тұрақты ел. Бұл инвесторлар үшін маңызды фактор. Сондықтан мұнда қатысушылар өте көп. Біздің компания құрылыс материалдарын өндіреді. Қазақстанмен бұрыннан жұмыс істейміз. Енді Таразда жаңа зауыт салмақпыз. Жоба аяқталған соң көрші елдерге экспортты жолға қоямыз.
Гессен Майндағы Франкфурттың негізгі экономикалық орталығы саналады. Ал Қазақстан – инвесторлар үшін тиімді аймақ. Ұйымдастырушылар форум іскерлік байланысты кеңейтуде тың серпін береді деп сенеді.
Авторы: Шолпан Найманбаева