«Отбасы банк» серіктестерімен бірге жұмысшы мамандарды қолдап отыр
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жеке компаниялар өз қызметкерлерін қолдап, баспаналы болуға ынталандыруда.
Бүгін Алматы облысында Отбасы банк пен ((Nest Stroy)) НЕСТ СТРОЙ серіктестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат негізінде құрылыс компаниясы "Наурыз жұмыскер" бағдарламасына қатысуға өтініш берген қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, өз мамандарына бастапқы жарнаның бір бөлігін төлеп бермек.
Құрылыс компаниясы "Наурыз жұмыскер" бағдарламасына қатысуға ниет білдірген дәнекерлеуші, тас қалаушы, әрлеуші сияқты құрылыс басында жүрген өз қызметкерлеріне бастапқы жарна құнын төлеуге демеу болар, 1 миллион теңге көлемінде қолдау қаражатын бөліп отыр.
Александр Нестерцов, Nest Stroy ЖШС директоры:
- Біз алғашқы жарнаның бір бөлігін беріп отырмыз. Яғни млн теңгені тиімді шартта ұсынып отырмыз. Бұл осы құрылыс саласындағы жұмысшылардың және бағдарлама тізіміне кірген басқа да мамандық иелерінің жағдайын жақсартуға жақсы серпін болады деп ойлаймын.
Бұдан бөлек құрылыс компаниясы «Отбасы банк» салымшыларына Алатау қаласында орналасқан Гейт сити тұрғын үй кешенінен 20 пәтерді сатып алу құқығымен жалға бермек. Ондағы артықшылық қолында пәтер құнының 50 пайызы бар банк клиенті заем рәсімдеу үшін алты ай күтпей-ақ, бірден жаңа үйге көшуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ әрленген жаңа үйге кірген соң тек қана коммуналдық қызметті ғана төлейді.
Қуаныш Ұласбеков, «Отбасы банк» АҚ Алматы облысы филиалының директоры:
- 50 пайызын Отбасы банкке құю керек. Отбасы банк бірден бермейді. Ол жерде ұпай жинау керек. Сол ұпай 6 айдың ішінде жиналады. 6 ай ешқайда бармай осы Nest Stroy компаниясының бөлінген пәтерінде тұра береді. Егер де осы пилотымыз жүріп кетсе Nest Stroy пәтерді көбейтуге дайын.
Gate City – Алатау қаласындағы алғашқы тұрғын үй кешенінің бірі. Компания бөліп отырған 20 пәтердің бірін алу үшін үміткерлер 14 сәуірден бастап Отбасы банкінің Алматы облысындағы филиалына барып немесе онлайн өтінім берулері қажет. Пәтер алуда басымдық жұмысшы мамандығын игерген азаматтарға беріледі.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев