БЖЗҚ-ға төлемдер табыс салығынан босатылады

Елде қосылған құн салығының шекті мөлшері 40 млн теңгені құрайды.

Бүгін мәжілісте Жаңа салық кодексінің жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарларды, кітап басып шығару, археология сияқты салаларды қосылған құн салығынан босату нормасы қарастырылған. Жеке тұлғалар үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер табыс салығынан босатылады. Ал 10 жылдан астам пайдаланылған автомобильдер үшін салық сомасы 30 пайызға, 20 жылдан астам пайдаланылғандарға 50 пайызға төмендетіледі. Сән-салтанат заттарына жоғары салық салу ұсынылып отыр. 

Сонымен қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі бұған дейін ұсынылғандай 15 млн теңгеге дейін төмендемейді. Иә, мәселе қоғамда қызу талқыланғаны рас. Енді міне барша тараптың пікірі тыңдалып, ортақ шешім табылған сыңайлы. Салық саясатына енгізілетін негізгі өзгерістерді Вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин егжей-тегжейлі баяндады. Ол: салық салудың әділеттілігі артады. Байлар көбірек төлеуі тиіс, деді.

Салық заңнамасының негізгі жаңалығы - қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегінің мөлшерін 40 млн теңге көлемінде белгілеу. Сосын, қосылған құн салығының өзі 16% болады. Бизнес иелерімен қатар күллі жұртшылық құлақ түріп отырған бұл реформадан не күтеміз? Құжатты әзірлеушілер сөз басында-ақ, оң нәтиже айқын сезілетінін жеткізді. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

- Салықтық әкімшілендірудің сапасын жақсарту үшін, салық органдары адал бизнеске тиіспеуі үшін, егер кәсіпорынның салық жүктемесі сала мен аймақ бойынша орташа деңгейден төмен болса ғана кешенді салықтық тексерулер тағайындау ұсынылады. Бұл салық органдарына өз күштерін ең тәуекелді жағдайларға бағыттауға және негізсіз тексерулерден аулақ болуға көмектеседі. Осылайша, ұсынылған салық реформасы өз кірістерін жасыратын адал емес салық төлеушілерге, сондай-ақ салық салудың әділеттілігін арттыруға бағытталған. Байлар көбірек төлеуі тиіс.

Мақсат айқын: ашық әрі түсінікті Салық кодексін қабылдау. Басты құжатта ол қалай көрініс табады? Одан әрі жіктеп айтайық. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санаты қосылған құн салығынан босатылады. Денсаулық сақтау саласында да солай. Әлеуметтік тізім жасалып, бұл дәрі-дәрмектер үшін қосылған құн салығы төленбейді. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 70% жеңілдік сол күйі сақталады. 

Мақсат Толықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Негізгі мақсатымыз ұлттық қорға қол салуды азайту, бюджетті толтыру деп жатырмыз. Осының бір жолы ретінде тиімсіз жұмыс істейтін квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіруді біз тездетуіміз керек. Олар мемлекетке салық төлеу керек қой. Әлі де асырап келе жатырмыз.  осы тиімсіз шығындарды азайту бойына не істелінеді қандай жоспар бар?

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

- Қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің даму жоспарын жасайды. Инвестициялық жоспарын жасайды, көлеңкеде тұра алмайды. Қаражатты ЕДБ шоттарында казначействодан рұқсат алмаса орналастыра алмайды. 10% дивиденд төлейді. Сол себептен біраз ұсыныстар жаңалықтар қарастырылған. Үлкен шаралар көзделген. 

Ауқымды шара демекші, корпоративтік табыс салығына қатысты біраз өзгеріс бар. Әлеуметтік сала үшін ол келер жылдан бастап 5% болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% деңгейінде қалса, банк секторы, ойын бизнесінің өкілдері 25% корпоративтік табыс салығын төлейді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір жаһандық турбуленттік жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Әлемде сауда, тарифтік шиеленістер орын алуда. Осындай жағдайда оңтайлы салық реформасын жүргізу оңай емес екенін түсінеміз. Үкімет алдында бюджет тапшылығын толтыру міндеті тұрғанын да білеміз осынылып отырған жаңа салық кодексі осы түйткілдерді шешуге бағытталып отыр.

Салық – өте сезімтал сала. Бүгінгі шешімді әр отбасы, әрбір кәсіпкер  тікелей сезінетін болады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке әділ, тиімді әрі болжамды салық жүйесін құруды тапсырған.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Көп жұмыс атқарылғанын айта кеткім келеді. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Талқылау барысында депутаттар Үкіметпен бірге жұмыс істеп, қызу пікірталастардан кейін біраз түйткілді мәселе бойынша ортақ шешімге келді.

Ірі бизнес үшін жеңілдіктер қысқартылады. Бүгін ол туралы көп айтылды. Ал банктер мен ойын бизнесі үшін табыс салығы ұлғайтылады. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түспейді. Жаңа салық саясатының көздегені де – осы. Түпкілікті шешім оңтайлы әрі теңдестірілген, бизнес үшін де, халық үшін де тиімді болуға тиіс.

Экономика сарапшылары салық мөлшерлемесі көтерілді деген желеумен бағаны негізсіз қымбаттату құбылысына жол бермеу керек, - дейді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға кері әсер ететін факторлардың алдын алу жайына назар аударды. Әрине, әркімде кәсіпке адалдық принципі естен шықпаса игі.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Әрине бұл кәсіпкерлерге салмақ салмауы керек. Екіншіден, бюджеттің дефициті қазіргі уақытта 10 трлн тг жетіп отыр. Сол үшін жалпы салық реформасы қажет. және ҚҚС екі жақ тараптың келісімімен бекітілгені бұл қолдайтын дүние. Бюджеттің кіріс бөлігі 16 пайыз ставкамен әжептәуір толады деген негіздеміз. Және де көлеңкелі экономикаға өтіп кетпеуіне мүмкіндік беретін жағдай сол үшін алдағы уақытта салық реформасы анализ жасалынып отыруы керек.

Ел қазынасына жылына қосымша 5 трлн теңгеге дейін салық түседі деген позитивті есеп-қисап жасалып отыр. Мамандар Ұлттық қорға тәуелділік төмендейтінін, бюджет өзін өзі алға жетелейтінін алға тартады. Қалай дегенмен, бұл тұтастай салық жүйесіндегі өзгерістер. Және ол инфляцияға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл әсер уақытша болады деген де пайым айтылды. Бүгін әлеуметтік салаға қатысты тағы бірқатар мәселе ашық қозғалды. Олар екінші оқылымға дейін Үкіметпен бірге жұмыс тобында пысықталады.