Алматы облысында халықаралық логистикалық хаб салынады
Алматы облысында халықаралық мультимодальды логистикалық хаб салынады.
Нысан Қазақстан және Орталық Азияны ғана емес, Ресей, Беларусь, Түркия, Сингапур, Эстония және Моңғолия елдерінің сәлемдемелерін өңдейді. Бұл туралы бүгін Орталық Азия өңірінде электрондық коммерция мен логистиканы дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық Саммит аясында Қазпоштаның басқарма төрағасы Әсел Жанасова мәлімдеді. Сонымен қатар, халықаралық инвесторлар мен өндірушілер үшін Индустриялық парк құрылады. Қазпошта басшысының айтуынша, бұл жобаларды Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ((Qazpost-YTO)) Казпост Уай Тиоу компаниясы жүзеге асыратын болды. Қазпошта басшысы, Орталық Азия өңірінің алдында жаһандық логистика үшін жаңа мүмкіндіктер тізбегінің ашылғанын айтты. Геосаяси ката-клизмдер осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуына кері әсер етпеуі тиіс, деді.
Әсел Жанасова, "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы:
- Біз еркін сауда принципін ұстанудан танбаймыз. Сауда-саттықты барынша дамытуды көздейміз. Әлемдегі сауда соғысына қарамастан, саладағы ынтымақтастықты өркендете береміз. Көрші елдердегі жағдай бізге салқынын тигізбей қоймайды ғой. Сондықтан сауда саласында бірлесе әрекет етуіміз қажет. Еліміз Шығыс пен Батыс арасын жалғайтын алтын көпір. Бұл арқылы тек бірегей мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Орталық Азия өңірінде көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажеттілігіне нық сенеміз. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиясына, оның елімізді одан әрі дамыту туралы көзқарасына толық сәйкес келеді.
Юй Вэйцзяо, YTO Express Басқарма төрағасы:
- Қазақстан мен Қытай қос ел арасындағы алыс-берісті сауданы дамыту арқылы нығайтпақ. Сондықтан біз Қазақстанмен бизнес-ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделіміз. Ал жаңа аймақ үлкен әлеуетке ие. Логистикалық инфрақұрылым мен электрондық коммерцияның тұрақты дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Алматы хабы Еуропаға және әлемнің басқа да елдеріне жол ашады. Осылайша біздің елдеріміз арасындағы сауда байланыстары кеңейіп, өз жемісін береді деген сенімдеміз.