Жаңа талап: байлар салықты көбірек төлеуге тиіс
Байлар салықты көбірек төлеуге тиіс. Қымбат мүліктің иесі төлемге де қабілетті. Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексіндегі осы талапты мақұлдады. Сөйтіп, сән-салтанат салығы нақты кімдерге міндеттеледі?
Люкс салығын кім төлейді?
Қымбат мүлікке салынатын салық мөлшерлемесі артады. 450 млн теңгеден асатын пәтері, үйі бар кез келген азамат қазынаға құн төлеуге міндетті. Қазір бұл санаттағы салық баспана бағасының 0,5%-не тең. Енді 2%-ін өтеу қажет. Krisha.kz сарапшыларының есебінше, егер тұрғын үй құны 450 млн теңге болса, жыл сайын 9 млн теңге көлемінде салық төлеуге міндеттісіз. Бұл біраз азаматтың қалтасын қағар түрі бар. Қазірдің өзінде дәл осы порталда мыңнан аса салтанаты келіскен үй сатылымға қойылыпты. Ал мамандар люкс салығы атында жалпы құны 450 млн теңгеден асатын бірнеше пәтері бар азаматтарға да салынатынын еске салды. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов дәл осындай салық коммерциялық нысандарға да салыну қажет деген пікірде.
Жеке табыс салығы алынуы мүмкін
Салық кодексі жаңа жылда күшіне енуге тиіс. Оның тағы бір жаңашылдығын айта кетейік. Депутаттар алынған зейнетақы жинағы үшін жеке табыс салығынан бас тартуды ұсынды. Қазір оның мөлшері 10%-ке тең. Мұндай салықты жинағының бір бөлігін алған азаматтар да төлейтін. Құжат күшіне енсе, олар төлемнен босатылады. Кейінгі төрт жылда қазақстандықтар 4 трлн теңге шешіп алған. Оның 85%-ін баспана алуға жұмсады.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір, міне, Салық кодексінің жобасы бойынша бұрын ЕНПФ-тан шектелген сомасынан жоғары сомаларды алса, соған салық төленетін болған. Соны осы Салық кодексі жобасында біз алып тастап отырмыз. Жеңілдік болсын деп. Өйткені ол кезінде адамның өзінің жинаған қаражаты, таза табысы. Сол таза табысын алған кезде оған қайтадан екінші салықты қойған дұрыс емес деп есептейміз.
Дәрі-дәрмекке ҚҚС салынбайды
Дәрі-дәрмекке қосылған құн салығы салынбайды. Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, нарықтағы баға ауыр дерті бар науқастар мен олардың отбасына салмақ. Егер оған ҚҚС енгізілсе, өнім құны тағы 10%-ке өсуі мүмкін. Осы орайда депутаттар мен үкімет жобадағы осы саланы өзгеріссіз қалдыруға бекінді. Жалпы қазір дәрі-дәрмек сапасына да көңіл бөлініп жатыр. Үш жылда елімізде 300 млн-нан астам дәрі таңбаланды. Ал міндетті таңбалау енгізілгелі қаптамаларға 262 млн Data Matrix белгілері салынған. Отандық өндірушілер шығарған 70 млн-нан астам дәрі-дәрмек айналымға шықты. Қазір жүйеде 19 өндіруші, 130-дан астам шетелдік компания, 100 импорттаушы, 200-ден астам дистрибьютор мен дәріханалық қоймалар, 3 мыңнан аса дәріхана мен 1800-ге жуық медициналық ұйым тіркелген.
Анар Кәрібаева, Tanba бірыңғай таңбалау операторының дәрілік заттарды таңбалау жобасының жетекшісі:
- ҚҚС бар еді. Бірақ біздің өндірушілер, барлық қатысушылар оны төлемейді. Біздің таңбалау және қадағалау процесі бойынша оның әсері бар. Өйткені ол фальсификат, контрафакт дейді ғой, сондай көлеңкелі дәрілік заттарды айналымнан шығарып, оны көрсетеді.