Құрық порты құрғақ жүк таситын кемемен толықты

Құрық теңіз порты жаңа кемемен толықты. Құрғақ жүктерді тасымалдайтын су көлігіне Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы Нәсіпқали Марабаевтың есімі берілді. Озық үлгідегі кеме қазақ-араб компаниялары бірлесе құрған кеме қатынасы кәсіпорнына тиесілі. Салтанатты түрде теңізге түсіру рәсіміне қоғам қайраткерлері, мұнай-газ саласының ардагерлері мен Нәсіпқали Марабаевтың жақындары қатысты.

«Nasipkali Marabayev» кемесі құрғақ және жалпы жүктерді тасымалдайды. Ұзындығы 136 метр, биіктігі 7 метрлік су көлігінің бортына 7 мың тонна жүк сыяды. Кез келген климаттық жағдайға төзімді кеме өзендерде де жүзе алады. Экипажы 14 қазақстандық теңізшіден құралған.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

- Мемлекет басшысы логистиканың қаншалықты маңызды екенін, оның стратегиялық маңыздары туралы бірнеше рет айтқан болатын. Үкімет отырыстарында, кеңейтілген. Міне, бүгінгі шараны соның бір айғағы, дәлелі десек те болады. Ағайындар, құтты болсын!

Салтанатты шарада бірлескен кеме қатынасы кәсіпорнын құрған Қазақстанның және Біріккен Араб Әмірлігінің компаниялары Каспий теңізінде қолданылатын жаңа кемелерге инвестиция тарту жөніндегі меморандумға қол қойды. Жаңа кәсіпорын 2027 жылға дейін 6 су көлігімен толығады деп жоспарланған.

Жәнібек Тайжанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:

- Нәсіпқали Әбуғалиұлы тәуелсіз Қазақстанда ірі кен орындарын ашуға зор үлес қосты. Арда азаматтың есімі берілген жаңа кеме теңіз арқылы жүк тасымалының артуына оң ықпал етеді деп сенеміз. Келешек Транскаспий халықаралық дәлізін дамыту жөніндегі жобаларды жалғастыруға басымдық береміз.

Отандық «Semurg Invest» компаниясы Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын тұрғызып жатыр. Жоба аясында 6 теңіз терминалы салынады. Олар 2030 жылға дейін іске қосылады. Соның нәтижесінде жаһандық Транскаспий көлік дәлізі арқылы жылына 5 млн тонна құрғақ жүк, 7 млн тоннадан астам сұйық жүк тасымалданады деп күтіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев