Елордада Automechanika Astana 2025 көрмесі басталды
Елордада Automechanika Astana 2025 халықаралық көрмесі басталды, деп хабарлайды 24KZ. Автоөнеркәсіп саласының көшбасшылары саладағы соңғы технологиялық жаңалықтарды паш етіп, елдегі машина жасау өнеркәсібін дамытудың жолдарын талқылады. Дәстүрге айналған жиын биыл 9 рет өтіп отыр.
Бүгін Automechanika Astana 2025 ірі халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады. Үш күндік шарада автомобиль өнеркәсібіндегі соңғы технологияларды, шешімдер мен идеялар ұсынылады. Қазақстан да машина жасау саласын дамытуға күш салып жатыр. Мәселен, былтыр автомобиль өндірісіне 190 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған. Бұл 5 жыл бұрынғы көрсеткіштен 20 есе, ал 2023 жылмен салыстырғанда 475%-ке артық.
Анар Мақашева, «Қазақстанның автокөлік одағы» ЗТБ президенті:
- Бүгінгі таңда қазақстандық автокөлік өнеркәсібі еліміздің 6 өңірінде көлік шығаратын 8 жұмыс істеп тұрған кәсіпорыннан тұрады, онда 7000-нан астам адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта Алматы мен Қостанай қалаларында екі жаңа автомобиль зауытының салынуына байланысты тағы 5000 жаңа маман қажет болады.
Automechanika Astana – өндірушілер мен дистрибьюторларға, сервистік компаниялар мен сарапшыларына арналған алаң. Іс-шараға 22 елден, соның ішінде Германия, Италия және Жапониядан 350-ден астам компания келген. Олардың 54-і – қазақстандық өндірушілер.
Әнуар Мәлік, BMCA Қазақстан директоры:
- Осындай деңгейдегі шаралар саланың ғана емес, ел экономикасының дамуына да қажет. Әрбір салынған қаржы мультипликативті әсер береді. Automechanika – әлемдегі ең ірі көрмелік брендтердің бірі. Қазақстанның осындай маңызды алаңға айналуы – біз үшін үлкен мәртебе.
Іс-шараның негізгі бөлімдері автобөлшектер мен автокомпоненттер, электроника және коммуникация жүйелері, аксессуарлар мен баптау, диагностика және жөндеу, майлар мен автохимиялық өнімдер, автокөлік жуу және автокөлікті күту сынды тақырыптарға арналады. Сонымен қатар семинарлар мен дөңгелек үстелдер, жетекші өндірушілердің шеберлік сабақтары өтеді. «Автосаланың алпауыттарымен өткізген талқы отандық кәсіпорындардың дамуына септігін тигізеді», – дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Руслан Әлиев