Сынамасыз алтын сатқандарға айыппұл салынады
Былтыр Қазақстан қымбат металдан жасалған 200 келі зергерлік бұйым экспорттады.
Жалпы сома 8 млн АҚШ долларынан асады. Біздің бұйымның басым бөлігі Біріккен Араб Әмірліктері, Германия мен Сингапурге сатылған. Ал импорт экспорттан 10 есе көп. Яғни қазақстандықтар құны 90 млн доллар болатын 2 тоннаға жуық шетелдік бұйым сатып алған. Алайда мамандар алтын алғанда абай болу қажеттігін ескертеді. Себебі шетелдік брендтерді қолдан жасайтын, пайдаға құныққандар көп. Сондықтан бұл салаға қырағы бақылау қажет. Билік тарапынан заңсыз тауар айналымы, контрафактілік өнімдермен күрес жалғасып жатыр. Мәселен сынамасы жоқ зергерлік бұйымдарды сатқан саудагерге бірден қомақты айыппұл салынады. Бұл қадам оларды заңсыз өнімдерді сатпауға мәжбүрлейді.
Елде зергерлік бұйымдарды сатудың жаңа ережесі күшіне енді. Енді зергерлік бұйымдарды сынамасыз сатқан саудагерлер қатаң жазаға тартылады. Бұған дейін оларға тек ескерту жасалатын. «Жаңа тәртіпке сәйкес, ережені бұзған сатушыға 190 мың теңгеден 580 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай анықталады. Яғни заңды тұлға неғұрлым ірі сауда нысаны болса, айыппұл да соғұрлым көлемді болмақ. Ал заң бұзушылық тағы қайталанса, айыппұл сомасы да өседі. Бұл шаралар халықты заңсыз өнімдерден қорғауға және отандық зергерлік нарықты ретке келтіру мақсатында енгізілді», - деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
Зергерлік бұйымдарды жосықсыз сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыреті Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Кейінгі жылдары зергерлік бұйымдарды сатушыларға қатысты алдын алу шаралары тек ескерту сипатында жүргізіліп келген еді. Қазақстан Республикасының «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заңына сәйкес, зергерлік бұйымдарды ел аумағында сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ сынама палаталарында, яғни сынақ зертханаларында бұйымға сараптама жүргізілгенін растайтын атаулы белгінің бедерінсіз сатуға жол берілмейді.
Бағаны жөнсіз өсіргендер айыппұл арқалайды
Азық-түлік бағасын жөнсіз өсіргендер де қомақты айыппұл төлейді. Бұрын алғаш рет заң бұзған саудагерлерге ескерту берілетін. Тек заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса ғана айыппұл салынатын. Енді бірден айыппұл арқалайды. Яғни кәсіпкерлер азық-түліктің бағасына 15 пайыздан артық үстеме қоспауға міндетті. Айыппұл сомасы бизнес нысанына қарай өзгереді. Яғни жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес – 19 660 теңге, орта бизнес 137 620 теңге төлейді. Ал ірі сауда желілері 600 мың теңгеге жуық шығынға ұшырайды. Егер бұл жағдай жыл ішінде қайталанса, айыппұл сомасы екі есе артады.
Айыппұл сомасы
Шағын бизнес – 5 АЕК (19 660 теңге)
Орта бизнес – 35 АЕК (137 620 теңге)
Ірі бизнес – 150 АЕК (589 800 теңге) ))
Бұл өзгерістер әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуді және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді көздейді. Қазір сауда нүктелерін бақылау жұмысы күшейтілді. Әр кәсіпкер әлеуметтік маңызды азық-түлікке белгіленген 15 пайыздық шекті сауда үстемесін сақтауға тиіс. Негізсіз алыпсатарлықты жою бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. 2023 жылы жалпы сомасы 7 млн теңге айыппұл салынса, былтыр 16 млн теңгеге жетті. Биыл 20 наурызға дейінгі айыппұл мөлшері 5 млн теңгені құрады.
ЖІӨ-нің бестен бір бөлігі саудаға тиесілі
Сауда саласы ел экономикасындағы үлесі бойынша екінші орында тұр. Яғни жалпы ішкі өнімнің 19 пайызы саудаға тиесілі. Мұнда бес өңірдің үлесі қомақты. Қаңтар-ақпан айларында тауар айналымының 73,6 пайызын Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстары еншіледі. Көтерме сауданың ұлғаюына мұнай өнімдері, автотехника, фармацевтика өнімдері, астық, қант және сусындар ықпал етіп, 6 трлн теңгеден асты. Ал бөлшек сауда құрылыс материалдары, машиналар мен жабдықтар, кондитерлік тауарлар, ет және балық өнімдерінің есебінен ұлғайды. Саладағы айналым 3 трлн теңгеге жуықтады. Сауда саласындағы нысандардың 99 пайызы – микро және шағын бизнес өкілдері.
Сауда саласы
ЖІӨ үлесі – 19,1%
Бес өңір – 73,6%
Көтерме сауда – ₸6,1 трлн
Бөлшек сауда – ₸2,8 трлн
Микро және шағын бизнес – 99% ))
2025 жылы сауданың нақты көлем индексін 113 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін тауар айналымын 87 трлн теңгеге жеткізу қажет. Бұл негізінен саланың 67,5 пайызын құрайтын көтерме сауданың есебінен жүзеге асырылады. Мұндай өсімге шикі мұнай өндіруді және оны қайта өңдеуді, газ өндіруді ұлғайту, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, тұрмыстық техника желісін кеңейту және фармацевтика өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етіледі.
Электронды сауда айналымы ₸4,5 трлн жетеді
Елде электронды сауда жыл санап ұлғайып келеді. Былтыр сала 14 пайызға өсіп, 3 трлн теңгеден асты. Ал биыл 4,5 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. Мәселен биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында ірі маркетплейстердің тауар айналымы 700 млрд теңгеге жетті. Бұл маркетплейстер нарықтың 85 пайызын иеленіп отыр.
Электронды сауда
2024 жылы – ₸3,2 трлн
Өсім – 14%
2025 жылы – ₸4,5 трлн
Қаңтар-ақпан айлары – ₸0,7 трлн