Қазақстан тау шаңғысы туризмін әлемдік стандарттарға сай дамытуға ниетті

Премьер-министр Олжас Бектенов PGI Management компаниясының президенті Джоан Виладоматпен тау шаңғысы туризмін дамытудағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Туризм саласының жаһандық үрдістері және оның елдер экономикасының өсуіне қосқан үлесі талқыланды.

Джоан Виладомат туризмге назар аударуды ескере отырып, бірқатар елдің экономика құрылымдарын трансформациялау бойынша жобаларды іске асыру нәтижелерімен бөлісті. Тараптар Алматы тау кластерін бірлесіп дамыту келешегін қарастырды. Бүгінгі таңда туристік ағын жылына 2 млн адамды құрайды онда 2 мың жұмыс орны ашылған. Бұл ретте отандық және шетелдік туристер тарапынан сұраныстың артуы, тау шаңғысы туризмін дамытудың мемлекеттік стратегиясын одан әрі жетілдіруді талап етеді. Тау шаңғы инфрақұрылымын дамыту арқылы күніне 34 мың адамға дейін қабылдауға және 10 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша 2029 жылға қарай Алматы тау кластері жылына 7,5 млн-ға дейін турист қабылдай алады. Сонымен қатар еншілес және сервистік экономиканың дамуынада әсер етеді. Кездесу соңында қатысушылар халықаралық стандарттарға бейімделген инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.