Елде 2 мың тонна заңсыз ішімдік тәркіленді

Былтыр елде заңсыз алкоголь айналымы үш есе өсті.

Осылайша олар мемлекетке 3 млрд теңгеден астам зиян келтірді. Ал акциздік маркасы жоқ темекі саудасы 17 пайызға артты. Қазіргі уақытта салада салық органдары қатаң тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысына сәйкес заң бұзушы тарап шығынды толық өтейді. Сонымен қатар салық мекемелері мұнай өнімдері айналымын бақылауда ұстап отыр. Иә, былтыр салық қызметкерлері 35 мың тоннаға жуық мұнай өнімінің айналымда жүргенін анықтаған екен. 

Былтыр елде 2 млн литрге жуық заңсыз алкоголь өнімі анықталды. Яғни өндірушілер жалпы құны 3 млрд теңге болатын өнімдерін акциздік маркасыз өткізуге тырысқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Мемлекеттік кірістер комитеті заңбұзушылықтарды салаға жүргізген тексерістер барысында анықтады. Сондай-ақ 16 млн 600 мың контрафактілік темекі қорабы айналымнан алынды. Кірістер комитеті 116 заңсыз сауда дерегін тіркеді. Бұдан бөлек комитет мұнай өнімдері саудасын да назарда ұстап отыр.

Заңсыз тауар

Алкоголь – 1,9 млн литр

Темекі қорабы – 16,6 млн

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті:

- Мұнай өнімдерінің көлеңкелі бизнесіне тосқауыл қою жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр заңсыз жанар-жағармай сатқан 480 дерек тіркелді. Тексеру нәтижесінде жалпы құны 7,9 млрд теңге болатын 34,5 мың тонна өнім айналымнан алынды. Сондай-ақ сот органдары заңсыз әрекеттерден түскен 591,4 млн теңге қаржыны тәркілеп, заң бұзғандарға 25,3 млн теңге айыппұл салды.

Салықтың қомақты бөлігі мұнай-газ саласына тиесілі:

- Қаржы министрлігі былтыр ең қомақты салық төлеген 50 компанияның тізімін жариялады. Салықтың басым бөлігі мұнай, газ саласындағы кәсіпорындарға тиесілі. Топ басында 3 трлн теңгеден астам салық төлеген «Теңізшевройл» тұр. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» филиалының салығы 1 трлн теңгеден асады. Ал алдыңғы үштікті «Маңғыстаумұнайгаз» түйіндеп тұр. Алғашқы ондықтағы компаниялар арасындағы жалғыз қаржылық ұйым «Қазақстан Халық банкі» 4-ші сатыда тұр.

Сондай-ақ ондыққа енген мұнай газ компанияларынан өзге темекі өндірісінің алпауыты «Филипп Моррис Қазақстан» 10-шы сатыдан көрінді. Бұдан бөлек шетелдік интернет компаниялардың салығы 35 млрд теңгеден асты.

Салық төлеуші компаниялар

«Теңізшевройл» ЖШС – ₸3,05 трлн

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» – ₸1,1 трлн 

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – ₸304,5 млрд

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ – ₸259 млрд 

«Азия газ құбыры» ЖШС – ₸224,8 млрд 

Салық төлеуші компаниялар

«KAZ Minerals Aktogay» ЖШС – ₸212 млрд

«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы – ₸210,7 млрд

«Өзенмұнайгаз» АҚ – ₸182,5 млрд 

«ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС – ₸178,7 млрд

«Филип Моррис Қазақстан» ЖШС – ₸167,8 млрд

ҚР Қаржы министрлігі:

- Қазір елде 101 шетелдік компания тіркелген. Олардың қатарында Huawei, Aliexpress, Google, Apple, Netflix және басқа да халықаралық құрылымдар бар. Үш жылда бұл компаниялар 75 млрд теңге салық төледі. Былтыр салық түрінде 35 млрд теңге қаржы бюджетке түсті. Сондай-ақ 2024 жылдың соңында Temu, Pinduoduo және Alibaba компаниялар тобы шартты тіркеуден өтті.

Цифрлық активтер өндірісі ₸17,7 млрд салық төледі

Елде цифрлық активтер өндірісі, яғни майнинг жылдам дамып келеді. Бүгінде 75 майнер тіркеуде тұр. Бұл сала да қазынаға қомақты салық төлеп отыр. Компаниялар кейінгі үш жылда 18 млрд теңгеге жуық қаражатты бюджетке аударды. Оның ішінде цифрлық майнинг алымы 11 млрд теңгеден асты. Дегенмен өндіріс қуатын жасырып, салығын азайтуға тырысатындар да бар. Мемлекеттік кірістер комитеті бұларды бірден анықтап отыр. Ал криптовалютаны сатудан түскен табысын аз көрсеткен азаматтарға 4 млрд 300 млн теңге жеке табыс салығы салынды.

Цифрлық активтер өндірісі

Барлығы – 75 кәсіпорын

Салық – ₸17,7 млрд

Цифрлық майнинг алымы – ₸11,6 млрд

Жеке табыс салығы – ₸4,3 млрд

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті:

- Былтырғы салықтық тексерулер барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, 4,9 млрд теңге көлемінде қосымша салық есептелді. Оның ішінде цифрлық майнинг төлемі – 2,3 млрд теңге, корпоративтік табыс салығы – 2,6 млрд теңге. Сонымен қатар цифрлық майнинг төлемдерін камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке қосымша 451 млн теңге түсті. 

36 заңсыз криптовалюта айырбастау пункті жабылды

Заңсыз криптовалютаны заңдастыруда криптоайырбастаушылар ролі ерекше. Олардың қызметіне көбіне кибералаяқтар мен есірткі сатушылар жүгінеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 36 криптовалюта айырбастау пунктінің жолы кесілді. Олардың жалпы айналымы 60 млрд теңгеден асқан. Құны 2,5 млрд теңге болатын активтер тәркіленді. Сондай-ақ 3,5 мың заңсыз онлайн айырбастау қызметі бұғатталды. Бұдан бөлек, криптовалюта арқылы инвестиция тартқан екі қаржылық пирамида анықталды. Нәтижесінде пирамидаға салынған 545 мың доллар қайтарылып, 120 мың доллар бұғатталды.

Заңсыз криптовалюта айналымы

36 криптовалюта айырбастау пункті

Жалпы айналымы – ₸60 млрд

Актив құны – ₸2,5 млрд

3,5 мың онлайн айырбастау қызметі

2 қаржылық пирамида

$545 мың қайтарылды

$120 мың бұғатталды