Елде жыл сайын 2 млн тері қоқысқа кетеді
Елде өндірілген 9 млн-нан астам терінің 6 пайызы ғана өңделген.
Бұл былтырғы көрсеткіш. Өкінішке қарай жүннің де кәдеге жарар түрі жоқ. Мәжіліс депутаттары шикізат жеткілікті дейді. Тек ынталандыру жағы көңіл көншітпейді. Жыл сайын елімізде 2 млн-нан астам ірі қара терісі қоқысқа тасталады. Себебі шикізат сапасы нашар. Ал талапқа сай сойылмаған мал терісін өңдеу қиын дейді мамандар. Қазақстанның тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевтің айтуынша, елдегі терінің 20-30 пайызы ғана өңдеуге жарамды. Қой терісіне сұраныс мүлде жоқ. Осы орайда қауымдастық өкілдері кешенді жоспар әзірледі. Онда теріні пышақ ізін тигізбей сойып алып, кейін өндіріс орындарына жеткізу көзделеді. Сарапшы жеңіл өнеркәсіп комитетін құру қажет дейді. Ол шикізаттың ел ішінде өңделіп, сапалы өнім шығаруға мүмкіндік берер еді деген пікірде. Әзірге мұндай кәсіпорындар жоқтың қасы. Ал бары желатин өндіріп, амалдауда.
Тері экспортына баж салығы салынбайды
Енді тері мен жүн экспортына кедендік баж салынбайды. Шектеу үш жылға созылады. Тиімділігін ақтаса, кейін де жалғасуы мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Қазір өнімге ішкі нарықта сұраныс көп емес. Ал кедендік салық шаруалар үшін тиімсіз еді. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров «Салдарынан шикізатты тастауға мәжбүр, ал өңдеуші кәсіпорындар бос қалып, толық қуатта жұмыс істей алмай отыр», - деді. Мәселен былтыр өндірілген 9 млн-нан астам терінің 6%-і ғана өңделген. Ал 35 мың тонна жүннің 29%-і ғана қайта өңдеуге жіберілді. Айдарбек Қожаназаров «2023 жылы тері экспортына салынатын баж уақытша 200 еуродан 100 еуроға дейін төмендетілгенде экспорт көлемі бірден 39%-ке артқанын еске алды. Сөйтіп баждарды уақытша жою сияқты қарапайым шаралар жағдайды оң бағытқа өзгертетінін алға тартты. Нәтижесінде фермерлерге сұраныс пайда болады, өңдеушілерге – шикізат, ал экономикаға – экспорт арқылы валюталық түсім түседі», - деді. Әзірге елден тері шығарып отырған кәсіп иелері тоннасына 227 доллар, жүн үшін 56 доллар салық төлейді.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді малдың терісі мен жүнін далаға тастамайсыздар. Себебі сыртқы саудаға шығару үшін жол ашық. Менің естуімше, Премьер-министр Олжас Абайұлы ондаған жыл бойы реттелмей келген сұрақ алдына келген кезде болды. Бір сағатта реттейміз деп мезге сала отырып, сол жерде шешіп берген екен. Бәріміз білеміз, елімізде қанша жыл малдың терісі бағаланған жоқ. Қоқысқа тастаймыз. Ауылдың айналасында шіріп жатады. Соның кесірінен қарайған ақшадан айырылдық. Былай айтқанда жүн мен тері бизнесі құрдымға кетті. Енді бұл жағдай өзгерді. Үкімет басшысы экспортты ашып берді.
Терінің дені Ресейге кетеді
Қазір елде 9 тері өңдеу кәсіпорны бар. Жалпы қуаты – 3,3 млн бірлік. Жүн өңдейтін кәсіпорын саны да 9-ға жуықтаған. Алайда жүктемесі 29% шамасында. Айдарбек Қожаназаров өндірілген өнімнің шикізатқа қарағанда 2–3 есе жоғары бағамен экспортталатанын айтады. Валюталық табыс та айтарлықтай. Жалпы баж енгізілгенше, яғни 2016 жылдан бері тері экспорты жылына 1,6 млн данаға дейін жеткен екен. Ал былтыр 219 мың данаға жуық тері сыртқы нарыққа шығарылды. Оның басым бөлігі ірі қараныкі. Негізгі импорттаушылар қатарында Ресей, Түркия, Нигерия, Қырғызстан тұр. Ал ұсақ мал терісін әзірге Өзбекстанға ғана жөнелтіп отырмыз.
Ірі қара терісі:
Ресей — 84,3 % (180,5 мың)
Түркия — 7,8 % (16,7 мың)
Нигерия — 7,6 % (16,3 мың)
Қырғызстан — 0,3 % (675)
Ұсақ мал терісі:
Өзбекстан — 100 % (3,8 мың дана))
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер малдың терісі мен жүннің бағасы өссе, еттің бағасы түседі. Себебі ол шығындар бүгін еттің бағасына кіріп тұр.