Үш өңірде 102 инвестициялық жоба жүзеге асады
2028 жылға дейін Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургиясы, туризм және қайта өңдеу салалары бойынша 102 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары аясында Семейде өткен кеңесте айтылды.
Оған үш өңірдің әкімдері, салалық министрліктер мен «AMANAT» партиясының өкілдері қатысты. Жиында трансшекаралық ағындарды ескере отырып, Ресей мен Қытай нарығына шығу мүмкіндігі бар өңірлердің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану жайы да талқыланды. Сонымен қатар вице-премьер ауылшаруашылық кооперативтерін құруды және шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыруды тапсырды.