Ақтаудағы битум зауыты өндіріс қуатын ұлғайтты

Ақтаудағы битум өндірісі 1 миллион тоннадан 1,5 миллион тоннаға ұлғайтылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл зауыттағы қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды.

Жаңа жабдықтар орнатылып, ескі тораптар ауыстырылды. Бұған 36 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Қазір Қаражанбас кен орнынан келетін шикі мұнайды қабылдау, технологиялық құралдарды басқару жүйелері сынақтан өтіп жатыр. Осы айдың соңына дейін 8 мың тонна жоғары сапалы жол битумын өндіру жоспарланған. Маңғыстау өңіріндегі бұл зауыт Орталық Азиядағы ең ірі жол битумын өндіруші саналады.

Талғат Мұқанов, кәсіпорын бас директорының бірінші орынбасары:

- Енді бізде импорттауды толығымен жапсақ болады деп айтуға болады. Мысалы, бұған дейін Ресейден битум импорттағанбыз. Қазір оның қажеттілігі жоқ. Қазақстан толығымен өз шикізатымен және де бұл шикізаттан өндірілетін битуммен қамтамасыз етілген деп айтуға болады. Маңғыстаудан бөлек өңірлерге де битум жөнелтіледі.