Қазақстан инвестициялық тартымды елдер қатарында
Қазақстан – инвестициялық қызығушылық тұрғысынан ең тартымды ел. Мұндай пікір Премьер-министрдің шетелдік инвесторлармен бүгінгі кездесуінде айтылды.
Жиын барысында GE Healthcare Орталық Азиядағы президенті Дмитрий Занчев Инвестициялар туралы келісімнің ерекше маңыздылығын атап өтті. Құжат барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, өзара тиімді шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Дмитрий Занчев, GE Healthcare Орталық Азиядағы президенті:
- Қазақстанда қызықтыратын басты нәрсе – инвесторды таңдау және оны сүйемелдеу тұрғысынан сауатты әрі ұқыпты көзқарас. Яғни жұмыстың басынан аяғына дейін бірге жүріп, өте сауатты білікті кеңестер беріледі, келіссөздер жүргізуде, инвестициялар туралы келісімге өтініш беру үшін қажетті құжаттарды дайындау барысында толығымен қолдау көрсетіледі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президент Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті. Біз денсаулық сақтауды тұрақты әрі прогрессивті дамыту үшін бизнестің белсенді қатысуы қажет екеніне сенімдіміз. Қазақстан Үкіметі инвестициялар көлемін ұлғайтуға, өндірістерді локализациялау және инвесторлардың қатысуымен жоғары қайта бөлу кластерлерін құруға басым бағыт беріп отыр.