Сенатта Ұлттық қор қаражатын басқару тиімділігі талқыланды

Былтыр Ұлттық қордан 5,5 триллионнан астам теңге алынған. Бұл туралы Сенатта қор қаражатын басқару тиімділігін талқылау барысында айтылды.

Қазір Ұлттық қор қоржынының үштен екі бөлігі мұнайдан түскен салықпен ғана толығып отыр.

«Ал қара алтын өндірісіндегі бәсеңдіктен қорды толықтыру қиынға соғуы мүмкін», - дейді депутаттар. Сонымен қатар инвестициялық табыстың жартысы қазір ел балғындарының шотына түседі. Мысалы 6 миллион балаға шамамен 1,5 миллиард доллар аударылды. Жоғары аудиторлық палата қаражат мемлекеттік маңызы жоқ шығындарға жұмсалып отырғанын жеткізді. Сондықтан Ұлттық қор қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын бақылау маңызды. Одан алынатын трансферттер экономикалық қайтарым әкелуі тиіс екенін атап өтті.

Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ұлттық қордан кепілдендірілген және мақсатты трансферттер кеткен кезде олар сапалы игерілмейтін болса, олар міндетті түрде ұлттық қорға қайтарылу керек. 2014 жылдан бастап Ұлттық қордан бөлінген қаражаттар ең бірінші ағымдағы негіздерге жаратылған болатын. Бұл мәселеге қатаң бақылау қойылды. Бұған арнайы Үкімет тарапынан концепция белгіленген болатын.

Юлия Энгель, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:

- Ұлттық қордың қаражаты көбінесе ағымдағы шығындарға аударылды. Яғни, бұл активтер болашақта нәтиже бермейтін шығындарға жұмсалды. Сондықтан қор қаражатын пайдалану саясаты қайта қаралып отыр. Біз өз ұсынысымызды бердік. Себебі қазына қаржысына тұрақтылық қажет.