Ташкентте өткен ТМД елдерінің экономикалық кеңесінде 20 құжатқа қол қойылды

ТМД елдері экономикалық байланыстарды тереңдетуге мүдделі. Соның аясында 20 құжатқа қол қойылып, өзара келісім жасалды, деп хабарлайды 24kz.

Ташкентте өткен ТМД елдерінің экономикалық кеңесінде мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі инвестиция тарту бағдарламасы бекітілді. Сондай-ақ жиында денсаулық сақтау саласын әртараптандыру, жаңа технлогиямен қамтамасыз ету тетіктері талқыланды.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы өзара экономикалық көрсеткіштерді еселеуге күш салмақ. «Бұған толық мүмкіндік бар», - дейді жиынға қатысушы тараптар. Әлемдегі геосаяси оқиғалар елдердің бір-бірімен алыс берісін арттыруға, жаңа транзиттік бағыттарды ашуға, отандық өнімнің үлесін арттыруға әкеліп отыр.

Сергей Лебедев, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы:

- Біздің бүгінгі ТМД елдері экономикалық кеңесінің отырысы өте нәтижелі болды. Мемлекеттердің өзара экономикалық байланыстарды тереңдетуге деген қызығушылығы жоғары. Әрине, бұл сала ТМД ұйымының негізі бағыты екенін ұмытпау керек. 20 құжатқа қол қойылып, жиынымыз жоспарланған уақыттан ерте аяқталды. Бұл біздің өзара түсіністігіміздің жемісі.

ТМД ұйымының тәжірибесіне сәйкес жыл сайын мемлекет басшыларының 1 ресми және 2 бейресми отырысы, ТМД үкімет басшыларының кеңесі және Сыртқы істер министрлерінің басқосуы өтеді. Төрағалық жасайтын Тәжікстан тарапы бұл дәстүрдің биыл да сақталатынын айтты.

Холикзода Хоким, ТМД Экономикалық кеңесінің төрағасы:

- Тәжікстанның төрағалығымен бірнеше іс-шара өткізу жоспары бекітілді. Оның аясында 100-ге жуық түрлі форматтағы жиын ұйымдастыру көзделіп отыр. Маусым айының 4-5 аралығында ТМД елдері үкімет басшыларының кеңесі, ал қазан айында президенттердің қатысуымен жиын өткізу жоспарланып отыр.

Экономикалық кеңес қортындысы бойынша 20 құжатқа қол қойылды. Келісімде көрсетілген негізгі бағыттардың қатарында қызметтерінің еркін саудасы, құрылуы мен инвестициялар туралы міндеттер бар. Құжат достастық елдерінің сауда-инвестициялық мүмкіндіктерін нығайтуды көздейді.