Ақмола облысында шаруалар ылғал жабу жұмыстарына кірісті

Ақмола облысында көктемгі ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Қазір белгіленген алқаптың 65% өңделді. Бұл жұмысқа 1200-ге жуық техника тартылды.

Жалпы аймақта көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл өңір диқандары 5 млн 400 мың гектардан астам жерге дән себуді көздеп отыр.

Бурабайлық шаруалар биыл ылғал жабу жұмыстарына ерте кірісті. Өйткені алқаптағы қалың қар тез еріген. Енді сол ылғалды топырақта сақтап қалу маңызды. Бұл ретте тәжірибелі шаруа Иван Попадюк сабан қалдықтарын да пайдаға асырады. «Түгел алқапқа төселген сабан үгіндісі күннің көзін топыраққа  мүлдем өткізбейді», – дейді. 

Иван Попадюк, шаруа:

- Бұл, біріншіден, топырақтың құрғап кетуіне жол бермейді. Ылғалды сақтап қалады. Ал сабақ қалдықтары жоқ алқаптар бір жарым сантиметрге дейін құрғап қалған. Айта кетейік, дәл осындай агротәсіл астық сапасын жақсартып, мол өнім алуға мүмкіндік береді.

Биыл бұл шаруашылық 3 мың гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Қазір олар дайындықтарын аяқтап қалған. Десе де механизаторлар мен жүргізушілер күн сайын техникаларын тексеріп тұрады.

Иван Попадюк, шаруа:

- Қазір біздің шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына 95% дайын. Тұқым қоры жеткілікті. Мемлекеттік қолдауға да ие болдық. Яғни «Кең дала - 2» бағдарламасы бойынша тынайатқыштар алдық. Бұл егіс науқанын уақытында бастауға мүмкіндік береді.

Аймақта көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалар да жаңартылды. Ол үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілген. Комбайн, тракторларды сатып алуда шаруаларға субсидия бөлінді. Жалпы биыл егіс науқанына 37 мыңға жуық техника атсалысады.

Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Осы техникалардың жылдық жаңару процесін ұлғайту мақсатында 7% техниканы жаңартамыз деп отырмыз. Қазіргі таңда ҚазАгроҚаржы арқылы жеңілдетілген несиеге өтінім беру жұмыстары ақпан айында басталып кетті. Қазір 14 млрд теңгеден астам өтінім түсіп, бүгінгі күнге дейін 5,6 млрд теңгеге жаңа техникаларға қол жеткізіп отыр.

Аймақтағы осы жылғы тұқым қоры – 540 мың тонна. «Бұл межеленген алқапқа толығымен жетеді», дейді сала мамандары. Ауа райы қолайлы болса, көктемгі дала жұмыстары мамыр айының басында басталады деп жоспарлап отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный