Қазақстанда креативті индустрияны дамытуға бағытталған қор құрылады
Елдегі креативті индустрия субъектілерінің жартысы Алматы мен Астанада шоғырланған. Оның дені – жеке кәсіпкерлер. Алайда аталған саланың экономикадағы үлесі 1% шамасында. Көрсеткішті еселеу үшін не істеу керек?
Креативті индустрияның экономикадағы үлесі артады
Үкімет 2029 жылға қарай креативті индустрияның экономикадағы үлесін 2% жеткізбек. Әзірге ол 1% ғана. Енді көрсеткішті еселеуге қарқынды қадам жасалады. Креативті индустрия департаментінің директоры Гүлісхан Нахбаеваның айтуынша, жыл басында жеке заң қабылданды. 12 бағыт бойынша 40 түрлі қызмет көрсету үшін салықтық жеңілдік ұсынылған. Соның нәтижесінде субъектілер саны 15% өсіп, 45 мыңға жетті. Елде 14 креативті орталық бар. Оған қоса креативті индустрияны дамытуға бағытталған қор құрылмақ. Осылайша өнімдер мен қызметтер экспортын арттыру көзделеді. Сондай-ақ маркетиң және PR, авторлық құқықты қорғауға басымдық беріледі. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі кәсіпкерлерді оқытып, өнімдерін жаһандық нарыққа шығаруға мүмкіндік жасап жатыр. Ал креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3%-тік аударым есебінен қалыптасады.
Гүлісхан Нахбаева, ҚР МАМ Креативті индустрия департаментінің директоры:
- Шілдеде креативті индустрияны дамытудың мамандандырылған қоры іске қосылады. Ол креаторларға қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын көрсетеді. Бұдан бөлек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорында шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары бар. Мысалы «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында өңірлердегі қолөнершілерді қолдауға бағытталған.
Креативті индустрия өнімдерінің экспорты артты
Былтыр еліміз 84 млн долларға креативті индустрия тауарларын экспорттады. Бұл кейінгі үш жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Алайда алдыңғы жылғыдан 11 пайызға аз. Finprom.kz сарапшылары аталған саланың сан қырлы екенін айтады. Мәселен, сыртқы нарыққа шығарылған креативті өнімдер көшін үш дөңгелекті велосипед, самокат және қуыршақтар бастапты. Бір ғана Ресейге аталған бұйымдардың 1,5 мың тоннасы жөнелтілді. Оның жалпы сомасы 35 млн долларға жуықтаған. Дегенмен мамандар мұның реэкспорт болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Себебі біз өткен жылы аталған тауарлардың 35 мың тоннаға жуығын импорттадық. Зергерлік индустрия өнімінің экспорты да алда. Бас-аяғы 12,8 млн доллардың бұйымы сатылды. Үштікті ұсталық өнерге қажет бұйымдар экспорты түйіндеген. 23 млн долларға жуық өнім сатылды. «Бұл бұрынғыдан 12 есе көп», – дейді мамандар. Ал әлемде кейінгі бес жылда креативті индустрия тауарларының экспорты 42% өсті. Бірінші орында IT өнімдер сатылымы тұр. Осы орайда елде креативті өнімдер мен қызметтердің экспортын жыл сайын 5% арттыру қажет. Биыл оның үлесі 96 млн долларға жетеді. Болжамға сай 2029 жылы 116 млн доллардан асуы керек.
Креативті салада 145 мың адам еңбек етеді
Қазір креативті индустрия саласында 145 мыңға жуық адам еңбек етеді. Алдағы 5 жылда олардың санын 174 мыңнан асыру көзделеді. Қазынаға 45 мың кәсіп иесі салық төлеп отыр. 2029 жылы олардың үлесі 55 мыңнан асуы мүмкін. Әзірге 13 мыңға жуық кәсіпкер қолөнерді дамытуға ден қойған. 10 мыңға жуығы IT саласында бақ сынап жүр. 7,5 мың кәсіпкер архитектура және сән саласында тер төгіп жатыр. Одан кейін мәдени мұра және кітапхана, мұражай қызметін ілгерілетіп жүргендер бар.