Ғалымдар: Көмір химиясын дамытуға ұлттық бағдарлама қажет
Елде көмірді жарық пен жылу үшін ғана жағады. Соңында будақтап көк түтін мен қолқаны қабатын күлдің күлімсі иісі ғана қалады.
Геологиялық қоры 300 жылдық қатты отыннан тапқанымыз осы ғана. Ал, кәнігі пайдасын білетіндер шикізатты кәдеге жаратып, шекесі шылқып отыр. Негізі елдегі көмір өнеркәсібі ірі экономикалық салаға айналуы тиіс. Қоры жағынан әлемдік ондыққа кіреді. Қытайдан қалыс қалғанымен, АҚШ, Ресей, Австралия, Үндістан, Оңтүстік Африка мен Украинаның алдында тұр. Сондықтан ғалымдар: «Қолда бардың қадірін білу керек», - дейді. Көмір химиясына өз алдына ұлттық бағдарлама қажет екенін алға тартады.
Бұл зертхана шағын болса да, шама-шарқында шек жоқ. Бірақ өмірін көмірмен өткізген ғылыми қызметкерлердің көзі жәудір, көңілі пәс. Өйткені ертелі-кеш еңбегінің өнбегін көрмей келеді. Қажырын салып, қалауын тапқан дүниелерін қаржыландыратын, өндіріске енгізетін күнді күтіп жүр.
Майра Қазанғапова, Көмір химиясы және технологиялар институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Көмірден белсендендірілген көмір алу. Активтелген көмір. Қазір Қазақстанда оның қажеттілігі 10 мың тоннаға дейін жетеді. Қазіргі экологиялық мәселенің шиеленісуіне байланысты. Яғни, газды тазартуға, ағынды суды, ауызсуды тазартуға бізге өте көп мөлшерде активтелген көмір қажет. Одан басқа калий гумат деген отандық органикалық тыңайтқыш шығарамыз. Қазақстан ішінде және шетелге экспорт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрі қарай кормовые добавки, сосын фульв қышқылы медицина саласында өте танымал препараттың бірі. Оны тоттыққан көмірден алып отырмыз. Көмірдің күлінен микросфера. Бұл құрылыс материалында кеңінен қолданылады.
Қара алтын қалай қарық қылса, қатты отын да солай олжаға кенелтер еді. Тек көмірдің өзінен 400 түрлі өнім алуға болады. Әйтсе де, елде темір балқытқанға тәубе деп отыр.
Фероқорытпаға жартылай кокс пайдаланады. Қарағанды шахталары жылына 10-12 млн тонна көмір өндірсе, соның 7-8 млн-ы кокс алуға жұмсалады. Шұбаркөл разъезіндегі Сарыарқа фабрикасында жылына 650 мың тонна жартылай кокс өндіреді. Ал, тәуекелге барған Қытай игерген шикізатының 25%-ін терең өңдеп, кәдеге жаратады. Ондағы Shenhua зауыты 80 тауар шығарады. Ғылым мен өнеркәсіп құстың қос қанатындай үйлесім тапқан. Біздің әуселеміз небары 3% қана.
Жанар Қасенова, Көмір химиясы және технологиялар институты директорының орынбасары:
- Көмір өндіруші компаниялар табысының 1%-ін ғылымды дамытуға жұмсауы тиіс. Бірақ осы сұрақ еш шешілмей келеді. Мәселені тиісті комитеттер біледі. Бәлкім, келісімшартқа ондай пункт енгізілмеген шығар. Егер мемлекеттік органдар қолдау көрсетсе, нақты жер қойнауын пайдалану комиетінің ықпалы зор болар еді. Сондықтан басты түйткіл 1%-ті бөлуде ғана емес, оны мақсатты түрде көмір химиясын дамытуға бағыттауда боп тұр. Көмірді өңдеу, көміртегі қалдықтарын кәдеге жарату аса маңызды іс. Бұл – ел экономикасын көтерудің төте жолдарының бірі.
Ғалым Ебіней Бөкетов осыдан 45 жыл бұрын көмірден бензин алуға болатынын ғылыми дәлелдеп, жоғары деңгейге көтерген. Алайда, жанармай жайына қалды. Көмірдің бағасы мұнай-газдан төмен. Тоннасы 7-15 мың теңге аралығында. Ал, терең өңдесе, шикізаттан 25-30 есе жоғары болады. Қазір сала министрлігі аталған мәселені саралап жатыр. Көмір химия кластерін құру бойынша жол картасы бекітілген. Жұмыс тобы құрылды.
Жомарт Асқаров, ҚР Өнеркәсіп комитеті көмір өнеркәсібі басқармасының бас сарапшысы:
- Көмір қабатындағы метанды игеру. Себебі, метан шығарындылары климатқа кері әсерін тигізеді. Біздің негізгі мақсатымыз – метанды игеріп, жұмысшыларға қауіпсіз жағдай жасау. Ал. қордағы шикізат туралы айтсақ, көмір қоры игеріледі. Сол себепті көмір химиясын дамытып, аммиак, карбамид, полипропилен тағы басқа өнімдер түрін алу жобасын іске асыру жұмыстарын жүргізудеміз.
Қазақстан 2050 жылы көмір бейтараптығына көшу керек. Мүмкін БҰҰ-ның осы міндеттемесі мәселеге өзгеше үңілуге септігін тигізер. Өйткені, шикізатты тек темір балқыту үшін игермей, икемін тауып, игілігін көруге әбден болады.
Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстанның экономикасының драйвері болатын бір сала – ол көмір-химия саласы деп санаймын. Сондықтан мен химик ретінде айтарым осы саланы дамыту үшін оған мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағдарлама керек деп санаймын. Жол карталары пайда болып, сол арқылы осы саланы дамыту үшін зауыттар салынса. Оған әрине инвестиция керек.
Олай болса, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мұрат Әріпханов, Мадияр Қындыбаев