Салық кодексі: жылжымайтын мүлікті иемдену мерзімі ұлғаюы мүмкін
Жылжымайтын мүлікті сату кезіндегі салық салу ережесі қатаңдатылмақ, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен, қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес, баспананы 1 жылдан кейін ғана салықсыз сату мүмкін болса, енді келер жылдан бастап бұл мерзім екі жылға ұзарады. Сондай-ақ Қазақстан азаматы шетелдегі баспанасын сатса, резидент ретінде одан да салығын төлеуге міндеттеледі.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы салықтық өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе жаңа пәтерді лезде жөндеуден өткізіп, баспана құнын өсіріп, жылдам сатумен айналысатын алып-сатарларда алаңдаушылық басым. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы әрбір бесінші мәміле қайта сатуға байланысты тіркелген. Ал бұл өз кезегінде тұрғын үй бағасының шарықтауына ықпал етіп отыр.
Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:
- Бір жылдың көлемінде егер де сен пәтерді сатып алатын болсаң, сосын оны қымбатқа сататын болсаң, сондағы арасындағы өсіміне табыс салығын салатын болған. 10%-ке. Енді ол бір жыл емес, 2 жылға ұзартылып жатыр. Себебі қазір өзіңіз білесіз, тұрғын үй сату нарығында көптеген спекулянт көбейіп жатқаны, алаяқтар қызмет етіп жатқанын білесіздер. Осыған жол бермеу үшін осы бір шара 2 жылға созылып жатыр.
Мәселен, пәтер 20 миллион теңгеге сатып алынып, 2 жыл ішінде 30 миллион теңгеге сатылса, онда үстіне қосылған 10 миллион теңгеге 10%-тік салық төленуі тиіс. Бірақ экономистердің сөзінше, бұл бюджеттік түсімдерді арттырса да, көлеңкелі кәсіптің дамуына түрткі болуы мүмкін.
Айбар Олжаев, экономист:
- Ол бағаны өсірмей, сол баға бойынша мәміле жасасып сату. Ал қалғанын қолдан қолға өткізіп салу. Иә, бұл белгілі бір көлеңкелі экономиканың, жасырын мәмілелердің пайда болуына алып келуі мүмкін. Бізге енді 2026 жылдан бастап бір нәрсеге назар аудару керек. Ол адамдар шоттағы ақшаны қолма-қол ақшаға аударатыны көбейді ме деген сөз. Егер көбейетін болса, көлеңкелі экономиканың нышандары артыла бастады деген ой түйіп отыр. Бірақ екінші жағынан дәл осы тұрғын үй мәмілелерінде белгілі бір нормалар орын алуы мүмкін.
Яғни Салық кодексіндегі бұл өзгеріс құрылыс компанияларының жұмысын реттеп, ашықтық алгоритмін қалыптастыруды көздейді. Бірақ бұл үй бағасына да әсер етуі мүмкін. Мамандар: «Бұл ретте халыққа сапалы әлі қолжетімді бағадағы пәтерлерді ұсыну үшін нарыққа шетелдік құрылыс компанияларын тарту қажет», – дейді.
Айбар Олжаев, экономист:
- Бізге шетелдік құрылыс компанияларды көбірек алып келген дұрыс. Вьетнамның, Қытайдың құрылыс компанияларын. Олардың стандарттары қалай жұмыс істейді, соны көріп, солардан белгілі бір бәсекеге кіріп үйренетін уақыт келді. Өйткені біз өз құрылыс компанияларымызды тым еркелетіп жібердік.
Ал қазір риэлторлық агенттік мамандарының сөзіне сенсек, нарықта сұраныс пен ұсыныс деңгейі бірдей. Тұрғындар көбіне комфорт, комфорт плюс санатындағы пәтерлерге қызығушылық танытатын көрінеді.
Ажар Хасенова, риэлтор:
- Егер бұл ереже күшіне енсе, 1 қаңтар 2026 жылдан бастап сатушылар арасынан ұсыныс аз болады деп ойлаймын. Бірақ қазіргі таңда ұсыныс өте көп. Сатушылар жағынан да, сатып алушылар жағынан да.
Сандарды сөйлетсек. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жыл басынан бері 87 мыңнан аса баспана сатылған. Оның 31 мыңға жуығы қаңтар, 29 мыңнан астамы ақпан, ал 28 мыңғы жуығы наурыз айында рәсімделген. Демек қымбатшылыққа қарамастан жылжымайтын мүлік нарығындағы сатылым деңгейі жоғары. Салықтық өзгерістен соң да бұл көрсеткіште айтарлықтай өзгеріс болмауы мүмкін.
Авторлары: Назым Қайрат, Жандос Битабаров