Қызылорда облысында «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды

Қызылорда облысында «Қорқыт Ата» жаңа арнайы экономикалық аймағы құрылды, деп хабарлайды 24KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Құжатқа сәйкес арнайы экономикалық аймақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің маңындағы 550 гектар аумақта орналасады. 2049 жылға қарай экономикалық аймаққа салынатын инвестицияның жалпы көлемін 150 млрд теңгеге, шетелдік салымдарды 80 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Тауар өндіру мен қызмет көрсету көлемі болжаммен 500 млрд теңгеге жеткізілмек. Ондағы қазақстандық қамту үлесі 90%-ке дейін жетеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын орналасуы өнімді Орталық Азия нарықтарына өткізуге тиімді болмақ.