Қазақстандық балды ұлттық брендке айналдыратын уақыт келді

Бүгін – Дүниежүзілік ара күні. Бұл – аралардың жер шары үшін маңыздылығын айқындап, олардың жойылу мәселесіне назар аударуға арналған мереке.

Қазір біздің омарташылар селекциямен айналыса бастады. Тіпті бал экспорты нарығын кеңейтпек. Құзырлы органдар тараптармен байланыс орнатып жатыр.

Иә, қазақстандық балға сұраныс бар. Алайда, ішкі нарықта импорттық өнімнің үлесі басым болып тұр. Себебі, арзан. Ал сапасы қандай?

 ***

Әр дастарханда отандық балға орын бар)

Әр қазақстандық күніне 50 грамм бал жейді. Ал дамыған мемлекеттерде 4 келіден асады екен. «ел ішінде бал тұтыну мәдениетін қалыптастыру керек», - дейді мамандар. Бір қызығы, ара өнімінің құны бірнеше жыл көлемінде өзгерген жоқ. Келісі түріне қарай шамамен 2500-4000 теңге аралығында. Алайда, көпшілік сырттан келетін арзан балды алуға тырысады. «Бал-ара» Ұлттық омарташылар қауымдастығының бірінші вице-президенті Ғабит Нұрәділ: «Сөредегі импорттық өнімнің дені таза бал емес», - дейді. Мұндай микс тауарлардың құны 600-700 теңге шамасында. Яғни, отандық бал сападан озғанымен, баға жағынан бәсекеге қабілетсіз.

 ***

Былтыр 6000 тонна бал өндірілді

Былтыр елде 6 мың тонна бал өндірілді. Қамбада алдыңғы жылдың өнімдері де бар. Өйткені экспорт үлесі аз, ішкі тұтыну да көңіл көншітпейді. Осы орайда мамандар: «Сыртқы нарықты көбірек қамту қажет», - дейді. Әзірге отандық балды Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы және ТМД елдері импорттап отыр. Еуропамен де келіссөз жүріп жатыр. «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының» бас директоры Айтмұхамед Алдажаров Парсы шығанағындағы ірі сауда желілерінің бірі отандық балды көп мөлшерде алуға әзір отырғанын айтады. Енді омарташылардың әлеуетін арттырып, логистика мәселесін реттеу керек.

Ұлттық бренд қалыптастыратын кез келді

Қазақтың арасы. Ұлттық омарташылар қауымдастығы: «Бал арасының жаңа тұқымын шығаратын сәт келді», - дейді. Қазірдің өзінде омарташылар селекциямен айналыса бастады. Айтулы жетістікке аралар жанұясының импортын шектеу әсер етті. Арнайы қаулы былтыр күшіне енген еді. Қазір қайта алыныпты. Ұлттық омарташылар қауымдастығының дерегіне сүйенсек, Өзбекстаннан жылына 200 мың ара жанұясы келеді. Көбі аурушаң. Бұл біздегі сапаға кері әсер етеді. Сол себепті, мамандар: «Аналық импортын мүлде тоқтату керек», - дейді. Ғабит Нұрәділдің сөзінше, отандық омарташылар ішкі нарықтағы сұранысты толық жабуға қауқарлы. Тек оларды қолдау маңызды. Мемлекет тарапынан субсидия бар. «Алайда, бөлінген қаржының игерілуі қадағаланбайды», - дейді.

Ғабит Нұрәділ, Ұлттық омарташылар қауымдастығының бірінші вице-президенті:

- Субсидия мәселесі, мысалы әрбір араның жанұясына 5 мың теңге. Республикалық палатаның құзырына берілді де. Ол жерде жүйелі жұмыс жоқ. Ол селекциямен айналыса ма, қадағалау деген жоқ. Тіпті мынау Өзбекстаннан әкеліп жатқан пакеттердің өзімен субсидия алып жатқан шаруашылықтар бар. Ғылымға беріліп жатқан субсидия ол тек сол жерде игеріледі. Бірақ ғылым мен омарташылардың арасында ешқандай байланыс жоқ деп айтса болады.

 ***

Омарташылар санын 100 мыңнан асыру керек

Қазір елде 12 мың омарташы бар. Оның басым бөлігі Шығыс Қазақстанда. Дәл осы өңірде ара жанұяларының 60% шоғырланған. Олар отандық балдың 80%-ін қамтып отыр. Ресми дерек осындай. Өкінішке қарай, есепке ілінуді құнттамайтындар да жетерлік. Ұлттық омарташылар қауымдастығы бүгінге дейін 7000 омарташыны оқытты. Мамандар аралардың 1 маусымда 3-4 есе көбейетінін айтады. Сол себепті халықты омарташылыққа ынталандыру қажет. Оларға алғашқы кезеңде инвест субсидия беру керек.

Ғабит Нұрәділ, Ұлттық омарташылар қауымдастығының бірінші вице-президенті:

- Біз ауылдағы ара шаруашылығымен айналысамыз дегендері ешқандай ақысыз үйретуге дайынбыз. Бізде мысалы әртүрлі бағдарламалар бар. Бірінші деңгей ара жөнінде ешқандай хабары жоқ, бірақ ниеті бар. Екінші деңгей 10-15 ара ұстайды, бірақ дамығысы келеді. Үшінші деңгей 100-200 ара ұстайды, бірақ кәсіби шеңберін арттырып, өндірістік омарташылыққа енгісі келеді. Сол үш бағытта бізде бағдарламалар бар. Бірінші деңгей ғана қазір жақсы жұмыс істеп жатыр деп айтсақ болады.

 ***

Омарташылар санын 100 мыңнан асыру керек

«Білікті омарташылар санын 100 мыңнан асыру арқылы әлемдік нарықтағы орнымызды айқындауға болады», - дейді мамандар. Қазір бұл көшті Қытай бастап тұр. Тізімді Түркия, Аргентина жалғайды. Межеге жету үшін ғылыми жаңалықты да көбейту маңызды. Осы ретте ұлттық қауымдастық саланы агро өнеркәсіптік кешен аясында дамытуды ұсынады.