Қытай кәсіпкерлері Семейдегі «Смарт сити» жобасына инвестиция салады

Қытай кәсіпкерлері Семейдегі жаңа «Смарт сити» ауданының құрылысына инвестиция салады. Бұл жөнінде Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономдық ауданында өтіп жатқан «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясында келісім жасалды, деп хабарлайды 24kz.

Көрші елдің инвесторлары Абай облысында тұрғын үй, жаңа мемлекеттік мекемелер, туризм нысандары және инфрақұрыым құрылысына қатысуға ниетті.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайда «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясы өтіп жатыр. Халықаралық іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінен 9 аймақ қатысуда. Бәрінің көздегені мейлінше көп инвестиция тартып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыра түсу. Осы жиында Қазақстан мен Қытай 30-ға жуық меморандумға қол қояды деп күтіліп отыр.

Іс-шара Қытайдың Алтай қаласында өтіп жатыр. Оған 4 мемлекеттің Алтай өлкесіне кіретін аймақтары жиналды. Қазақстаннан Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстары қатысуда. Конференцияның алғашқы күні делегаттар Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Жиында тараптар инвестиция, сауда-саттық, логистика, туризм, ауыл шарауашылығы салаларына қатысты ынтымақтастықты нығайтып, осы бағыттағы ортақ мүддені жүзеге асыру жайын талқылады.

Ма Синжуй, ШҰАА партия комитетінің хатшысы:

- Шекаралас жатқан аймақтар қарым-қатынасты одан әрі арттырып, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру механизмін жүйелеп алуымыз керек. Бізде Қазақстан тауарларына сұраныс жоғары. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдері қызықтырады. Бидай, жүгері, қой, сиыр еті экологиялық таза. Сонымен қатар біздің кәсіпкерлер мұнай, газ, пайдалы қазба бағытында инвестиция салуға дайын. Сондай-ақ жоғары сұрыпты тұқымдарды экспорттай аламыз. Трансшекаралық туризмге де мән беруге дайынбыз. Бұл бағытта біздің аймақтар бірін бірі толықтырып, екі жаққа да тиімді ете аламыз.

Кездесуде Қытаймен шекаралас жатқан өңірлердің географиялық және экономикалық мүмкіндіктер таныстырылды. Өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырып, тиімді жобаларды жүзеге асыру механизмін жүйелеуге уағдаласты. Бірінші болып сөз алған Берік Уәли Абай облысының инвестициялық тартымды тұстарын атап Қытай, Ресей, Орталық Азияны жалғайтын көлік-логистикалық хаб ретінде даму перспективаларын айтты. Бұдан кейін делегаттар қытайлық инвесторлармен кездесті. Оған өндіріс, құрылыс, туризм және энергетика салаларында жұмыс істейтін қытайлық компаниялар қатысты.

Айбек Рахымбеков, Абай облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Біз жалпы құны 1,5 миллиард доллар болатын 16 келісімге қол қойдық. Инвесторлар алғашқы құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың шілде айынан бастаймыз деп отыр. Олар облыс орталығынан қонақүй салмақшы. Сондай-ақ «Смарт сити» жаңа ауданынан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына инвестиция салуды көздеп отыр. Бұдан да басқа өз жобаларын ұсынып отыр. Біз ол ұсыныстарын іріктеп, біздің аймаққа қажетті жобаларын таңдап алатын боламыз. 

Қытайлық бірнеше компания Семейдегі жаңа «Смарт сити» ауданына инвестиция салатын болды. Олар 75 мың тұрғынға арналған жаңа ықшам ауданның құрылысына қатысады. Облыс орталығына қажетті 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық, әлеуметтік нысандар мен саябақтардың құрылысы жуырда басталады.

Ли Чжун, инвестор:

- Бізді Абай облысындағы жобалар қызықтырып отыр. Әсіресе, «Смарт сити» ауданына қатысты ұсыныстар тартымды. Осы айдың аяғында Семейге барамыз. Алдымен құжаттарды рәсімдеуіміз керек. Шілде айының аяғына дейін құрылысты бастап кетуіміз керек. Ең тәжірибелі мамандарымыз бен заманауи құрылыс техникаларын алып барамыз. Ең бастысы, келісім бар.

Субөңірлік конференцияның негізі бөлімі ертең өтеді. Онда тараптар инвестиция тарту амалын жасайды. Сауда-саттық, трансшекаралық туризм саласын дамыту жайын талқылайды. Сонымен қатар инфрақұрылым, білім және ғылым, мәдени сала бойынша да ынтымақтастықты нығайту шаралары қаралады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы