Абай облысы Қытаймен құны $1,5 миллиардқа келісім жасасты
Абай облысы Қытаймен құны 1,5 миллиардтан астам АҚШ долларына келісім жасасты, деп хабарлайды 24KZ. Енді көрші елдің ірі кәсіпкерлері аймақ өндірісі мен ауыл шаруашылығына, туризм және құрылыс, логистика сияқты бірқатар маңызды салаға инвестиция салады. Бұған Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданында өтіп жатқан «Үлкен Алтай» конференциясы кезінде қол жеткізілді.
«Үлкен Алтай» – бұл бірнеше мемлекеттің шекаралас аймақтарының басын қосатын ынтымақтастық алаңы. Мұнда тәжірибелі мамандар, сарапшылар, бизнес өкілдері және мемлекеттік қызметкерлер өзара тиімді келісімдер жасады.
Халықаралық конференцияға Моңғолия мен Ресейдің 6 аймағы, Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Алтай, Үрімші, Іле, Шәуешек сияқты округтері мен қалалары қатысып жатыр. Ал Қазақстан тарапынан Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстары қатысып жатыр. Бір ғана Абай өңірінен 100-ге тарта делегация келді. Жиында аймақ басшысы Берік Уәли облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Облыста әлемдік стандарттарға сай халықаралық әуежай бар. Осы бағытта Үрімші-Семей әуе рейсін ашуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ біз Аягөз-Шәуешек теміржолын салу арқылы өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға құрғақ порт құруға ниеттіміз. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымын арттырып өңірдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Қазақстан-Қытай бірлескен жобалармен бастамаларын іске асыруға белсенді қатысуға дайынбыз.
Жалпы Абай облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 287 миллион АҚШ долларға жеткен. Оның басым бөлігі – экспорт. Қазір шекара маңындағы сауда-саттық көлемі 503% өсіп, рекорд тіркелді. Конференция барысында аймақ басшылары субөңірлік ынтымақтастық жөнінде келісім жасады. Бұдан бөлек, бірнеше ауданның әкімдері, кәсіпкерлері, басқарма жетекшілері қытайлық бизнесмендермен бірлесіп жұмыс істеуге негіз болатын 15 құжатқа қол қойды.
Мәселен, семейлік кәсіпкерлер Қытайлық әріптестерімен бірлесіп чип шығаратын зауыт салатын болып келісті. Жоба жүзеге асса облыста диод жарықтары, телефон, теледидарлардың дисплейі шығарылады. Көрші елдің инвесторлары заманауи өндіріс орнын небәрі 100 күнде салып береміз деп отыр.
Мо Шын Чжун, SUTO компаниясының бас директоры
- Біз чип шығаратын зауыт саламыз. Біздің компания 50 миллион АҚШ доллар инвестиция салады. Келісім құжатпен бекітілді. Құрылысты биыл қыркүйек айында бітіреміз. 500 адамға дейін жұмысшы аламыз. Олардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар болады.
Жарқын Тұрышев, SUTO Kazakhstan ЖШС бас директоры:
- Лэд шамдарын жасаймыз. Чиптардың ішінде IC типті чиптар жасаймыз. Қамтамасыз етеміз қазақстандық жұмыс күшімен. Оқытамыз. Қытайлық мамандар келіп, жаңа технологиялық аппараттармен. Әлемдегі ең жаңа аппарттармен қондырғылар шығарамыз.
Халықаралық конференция аясында инвесторлармен жеке-жеке келіссөз жүргізілді. Сонымен қатар Абай өлкесінде жүзеге асырылатын жобаларға қатысқысы келетін қытайлық кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды.
Субөңірлік іс-шараға 4 мемлекеттің аймақтарынан жалпы саны 300-ге тарта адам қатысты. Олар шекаралық ресурстарды сауда және инвестиция, туризмді дамытуға бағыттау жолын қарастырды. Сондай-ақ өндіріс, ғылым және білім, мәдени салаға да мән берілді. Тараптар өзара тиімді ұсыныстарын жеткізіп, бірқатар келісімді құжатпен бекітті.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы