Бұқтырма су қоймасында балық шаруашылығын дамыту көзделеді
Еліміздің шығысындағы Бұқтырма су қоймасында балық шаруашылығын дамыту мақсатында 6 учаске белгіленді, деп хабарлайды 24KZ. Осылайша жергілікті билік су ресурстарын тиімді пайдаланып, балық қорын арттыруды көздеп отыр. Алдағы 5 жылда өңірде 10 мың тоннадан астам тауарлы балық өсіріліп, терең өңдейтін кәсіпорындар ашылады деп жоспарланған.
Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі арқасында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мәселен, фермерлер шабақ өсіруге жұмсаған шығынының 50% кері қайтара алады. Сондай-ақ 2,5% жеңілдетілген несие де беріледі. Қазір еліміздің шығысында торлы қоршамада балық өсіретін шаруашылықтар желісі құрылып, өндіріс көлемі ұлғайып келеді. Вячеслав Асанов 5 жыл ішінде Өскемен су қоймасындағы форель фермасын өнеркәсіптік ауқымға дейін жеткізген. Онда жылына мыңнан астам шабақ өсіріледі. Ал тауарлық форельдің таза салмағы 5 келі. Мұндай көрсеткіштің шығыны да аз емес.
«Балық өсірушілерге және ниетті инвесторларға жағалауларда күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қолайлы аумақ керек», – дейді Вячеслав Асанов.
Вячеслав Асанов, балық өсіруші:
- Біз жұмыс барысында жол мәселесін өзіміз шешуге мәжбүр болдық. Қызметкерлерді жеткізу, жемшөп тасымалдауды да өзіміз ұйымдастырамыз. Өйткені бұл жерде елді мекендер жоқ, тіпті электр жарығы да жиі болмайды.
Бүгінде қазақстандық балық өсірушілер үшін электр энергиясының тарифі төмендеген. Былтырғы сәуірден бері олар коммуналдық қызметке кететін шығыннан 2 млрд теңгедей үнемдеді. Қазір Сенатта балық шаруашылығына инвестиция тарту мен жер мәселесін оңтайландыру бойынша жаңа заң жобалары әзірленіп жатыр. Жалпы Өскемен су қоймасында жылына 2 мың тоннадан астам тауарлы балық өсіріледі. Бірақ бұл көрсеткішті әлі арттыруға мүмкіндік бар. Өйткені Бұқтырма су қоймасы аумағында балық шаруашылығын жүргізуге болатын 6 учаске анықталып отыр. Жергілікті билік осы аумақты ниет білдірген кәсіпкерлерге ұсынуға дайын.
Фархат Байбазаров, «Зайсан-Ертіс» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
- Шығыс Қазақстанда 10 мың тоннадай тауарлы балық өсіру бізге қойылған талап. Қазіргі таңда әр жылы біз индикаторды орындап келе жатырмыз. Су қоймаларда, мына Бұқтырма су қоймасында 7 тор қоршамада балық өсіру учаскесі бар. 1 учаске қазіргі таңда субъектіге берілген, қазіргі таңда өсіріп жатыр.
2030 жылға дейін елімізде мыңнан астам жаңа балық шаруашылығы ашылып, 300-ге тарта кәсіпорын жаңғыртылады. Жалпы бұл салаға 600 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин