Қазақстан мен Қырғызстан сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетеді
Қазақстан мен Қырғызстан екі ел арасындағы инвестицияларды қорғайды. Бүгін Сенатта тиісті заң мақұлданды.
Қос ел арасындағы келісімге былтыр Қырғыз президентінің Астанаға ресми сапары барысында қол қойылған. Құжатта экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту көзделген. Екі елде инвестициялар салуға әділ және тең құқылы режим белгіленеді. Уағдаласушы тараптар салынған капиталды мемлекет меншігіне алмауға және төтенше жағдайда шығындарды өтеуге міндеттенеді. Жалпы айырқалпақты ағайынмен арадағы алыс-беріс көлемі көбейген. Мәселен, былтыр қос ел арасындағы тауар айналымы 1,71 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстаннан Қырғыз еліне экспорт 9,6% өскен. Біздің ел – Қырғызстанның үшінші ірі сауда серіктесі. Бұл көрші елмен экономикалық қарым-қатынасымыздың тұрақтылығын көрсетеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленген. Құжат бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы бұл заң бауырлас елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз.