Р. Ахметов: Тауар нарығында бағаны бақылау күшейтіледі
Fly Arstan тасымал нарығындағы үстемдігін пайдаланып, жолаушылардан үстемақы алып отырған. Яғни әуе компаниясы тұтынушылар тобының құқықтарын шектеп, транзакцияға комиссия, әуежайда жолаушыларды тіркеу және стандартты орындарды таңдау үшін қосымша төлемдер өндірген. Сондай-ақ СМС-хабарландыру қызметін автоматты түрде қосу арқылы билеттердің бағасын өсірген. Бірақ әуе компаниясының әккі әрекеті әшкере болып, антимонополиялық заңды бұзбау туралы ескерту жасалды. «Талап толық орындалды», – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Бұдан бөлек брифингте Энергетика министрлігіне қатысты тергеудің аяқталғаны айтылды. Ведомствоның ішкі нарыққа мұнай жеткізу жоспарын бекітерде компанияларды алалағаны анықталған. Сондықтан сала министрлігіне бұдан былай мұнайды автоматты түрде бөлуге арналған цифрлық платформа енгізу міндеттелді. Қазір Oil Transportation Management ақпараттық жүйесі әзірленіп, тестілеу кезеңінен өтіп жатыр. Жүйе биыл қыркүйекте іске қосылуы тиіс. Агенттік бағаны бақылауды күшейтетін болды. Бұл Президенттің тауар нарығын монополиясыздандыру мақсатында қолға алынған шара. Қазір арнайы заң жобасы Парламенттің қарауында.
Рустам Ахметов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- 7 базалық бағыт анықталды. Тұрақты монополиялық құрылымы бар тауар нарығында бағаны бақылау күшейтіледі. Сосын талаптардың бұзылуына байланысты тергеудің тиімділігі артады. Заңбұзушылықтардың алдын аламыз. Ал монополиясыздандыру бойынша кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту жатады.