Биыл агросалада 282 инвестжоба жүзеге асады
2027 жылға дейін еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 3,3 трлн теңге инвестиция тартылады.
Биыл 282 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Министрлік өкілдері инвестициялардың көп бөлігі қайта өңдеу, суару, мал шаруашылығы бағытындағы тың жобаларға арналатынын атап өтті.
Биыл Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтын зауыт іске қосылады. Жобаға 35 млрд теңге инвестиция тартылды. Өндіріс кешені аймақтың 500-ден астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Өзге өңірлерде де агроөнеркәсіптің дамуына серпін берер тағы бірқатар жоба жүзеге асады. Қатарында Шығыс Қазақстан облысында өсімдік майын өндіретін зауытты атап өтуге болады. Жаңа өндіріс ошағы жылына 170 мың тоннаға жуық өнім бермек. Нысан биыл тапсырылады. Сондай-ақ Жамбыл, Атырау облыстарында құс фабрикалары салынып жатыр.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Министірлік тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында СҚО тәжірибесі бағдарламасы аясында қаржыландыру жүргізілуде. 2024 жылы 96 жобаны қаржыландыру үшін 100 млрд теңге бөлінді. 4 жоба бүгінгі таңда іске қосылды. Сонымен қатар ағымдағы жылы бюджеттік жоспар ішінде 200 млрд теңге қаржыландыру мақсатында 154 жобаға қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы 4 айда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Соның ішінде балық және ауыл шаруашылығына 164 млрд теңге, тамақ өнімдерінің өндірісіне 50 млрд теңгеге жуық қаржы құйылған. Былтырға қарағанда өсім байқалады. Енді нақты нәтиже күтеледі.
Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту
2025 ж. қаңтар-сәуір
Жалпы - ₸213 млрд
Өсім - 118%
Ауыл және балық шаруашылығы - ₸164,2 млрд
Өсім - 115%
Тамақ өнімдерінің өндірісі - ₸48,7 млрд
Өсім - 129%
Нәтиже демекші, дайын өнім шығаруға инвестор тартудың маңызды бөлігі шетелдік алпауыттармен келіссөздер жүргізуге арналады. Бұнда да нақты келісімшарт орнатылған және таяу болашақта іске асыруға бағдарланған жоспарлар бар. Мәселен, түрік компаниясы Шымкентте жылыжай кешенін салуға қаржы бөледі. Ал Алматы облысында араб инвесторларымен бірлесіп қант зауытын ашу жоспарланған.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Министрлік тек қана отандық инвесторлармен жұмыс жасамай шетелдік трансұлттық ірі компанияларды тарту бойынша да белсенді жұмыс жүргізуде. Ағымдағы жылы екі инвестициялық келісімге қол қойылды. Сонымен қатар ағымдағы жылы біз осы жұмысты жалғастырып жоспарлап отырмыз. 8 жоба бойынша қосымша инвестициялық келісімдерге қол қою пысықталуда бүгінгі таңда.
Қорыта айтқанда, бағдар осы. Жергілікті әкімдіктермен сабақтастықта 3 жылға арналған «Жол картасы» әзірленген. Оған сай, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында құны 3,3 трлн теңге болатын ұзын саны 677 жобаны іске асыру міндеті тұр.
Рухани Әбдірахман