Электр энергетикалық үйлестіру кеңесінің мерейтойлық отырысы өтті
Биыл Орталық Азия Электр энергетикалық үйлестіру кеңесінің құрылғанына 20 жыл толды.
Осыған орай Астанада ұйымның 43-отырысы өтті. Маңызды жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясының жүйелік операторлары мен, салаға жауапты құрылым өкілдері қатысты. Жиын барысында күзгі және қысқы кезеңдер қорытындыланып, алдағы жоспарлар бекітілді.
Орталық Азия елдері арасында электр энергиясының тұрақты алмасуын қамтамасыз ету. Бұл мақсатта электр энергетикалық үйлестіру кеңесі құрылған болатын. Оның міндеті – ұйымға мүше елдерде энергия тапшылығын болдырмау және аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті нығайту. Айта кету керек, еліміздің энергия жүйесі Орталық Азия мен Ресей жүйелерімен біртұтас режімде жұмыс істейді.
Алмаз Саухимов, "KEGOC" АҚ Басқарушы директоры:
- Осы отырыста бірнеше сұрақ қаралды. Оның ішінде қысқы-күзгі кезеңнің есебін алдық. Тағы диспетчерлік үйлестіру жұмыстарын талқыладық. Бірыңғай методикаларды енгізу сұрақтары қаралды. Жалпы отырысты нәтижелі өтті деп санауға болады.
Соңғы жылдары энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме артып келеді. Соған қарамастан өткен жылғы күзгі-қысқы маусымда Орталық Азияның бірлескен жүйесі тұрақты жұмыс істеді. Су мен энергияны тиімді үйлестіру гидроресурстарды ұтымды пайдалануға және энергия тапшылығын болдырмауға мүмкіндік берді. Тағы вегетациялық кезеңге қажетті су қорын жинауға да жол ашты, дейді мамандар. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы үшін маңызды қолдау болды.
Хамидилла Шамсиев, "Энергия" үйлестіру диспетчерлік орталығының директоры:
- Әр энергия жүйесі өз елінің мүддесі үшін жұмыс істейтіні түсінікті. Бірақ соған қарамастан біз әрдайым ортақ шешімге келіп отырамыз. Бұл қуантарлық жағдай. Вегетациялық кезеңдер де еш проблемасыз өтіп жатыр. Ол осындай үйлесімді жұмыстың арқасында мүмкін болып отыр.
Кеңес барысында қатысушылар энергетикалық жүйелердің жұмысын реттейтін нормативтік құжаттар мен әдістемелік нұсқаулықтарды жаңартуға бағытталған бірқатар бастамаларды бірауыздан қолдады. Оның ішінде заманауи технологияларды енгізу, энергетикалық инфрақұрылымды цифрландыру мәселелері бар.
Риат Шони, Ғалымжан Абдылахат