Биыл агросаладағы өндіріс көлемі артты
Кейінгі жылдары мал шаруашылығында тұрақты өсім байқалады.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40 пайызы осы салаға тиесілі. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемінің өсімі 104 пайыздан асып, құны 1 трлн 222 млрд 500 млн теңгені құрады. Бұл туралы министр Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, саладағы өндіріс көлемінің өсімі нақтырақ айтсақ, 104,2 пайызды құрады. Бұл өсім ет көлемін 3%-ға, сиыр сүтін 7,5%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ет өндіру көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Алматы, Ақмола облыстары, ал сүт өндірісі бойынша Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары қол жеткізді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті экспорты 1,4 есеге артты және 22 мың тоннадан асты, қой еті 2,2 есеге өсіп, шамамен 18 мың тоннаны құрады. Мал шаруашылығының ет бағыты бойынша асыл тұқымды ІҚМ және ҰҚМ сатып алуға жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылады. Жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын "ұзақ мерзімді" несиелер ұсынылады. Қажетті қаражат – 50 млрд теңге.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- 2022 жылдан бастап мал есебін жүргізу процестері цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Ауыл шаруашылығының барлық ақпараттық жүйесін біріктіретін "Е-АӨК" платформасы әзірленуде. Министрлік ауыл шаруашылығы жануарларының бүкіл өмірлік циклін автоматтандыруды ИСЖ базасында 7 қосымша сервис арқылы жүйелі түрде іске асыруда.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Әрбір жануарға жеке нөмір беріледі, барлық деректер мен ветеринариялық рәсімдер тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервистерді пайдалану арқылы уақытты үнемдеп, қателік қаупін азайтады. Алайда аталған шаралар тек мал иелері тарапынан жануарларды толық және адал есепке алу жағдайында ғана іске асады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуді бақылау күшейту, сондай-ақ жеткізушілер мен ветеринариялық құжаттарсыз өнім сатып алушыларға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бірқатар мәселе айтылды. Материалдық-техникалық база бойынша: Ауылдық аудандардағы 206 ветеринариялық станцияның 72-сінің меншікті ғимараты жоқ. Мысалы, Абай облысында 10 аудан орталығының тек үшеуінде ғана меншікті ғимарат бар. Осындай жағдай Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола және Маңғыстау облыстарында да байқалады. Еліміздегі 2285 ветпункттің 1 628-і немесе 71%-ы қажетті ғимаратпен қамтамасыз етілмеген. 2024 жылы Жол картасына сәйкес 107 ветеринариялық пункт салынды, ал 2025 жылы тағы 323 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев