Қарағанды облысында үш шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады

Қарағанды облысында биыл үш шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады, деп хабарлайды 24kz.

Олар Қарағанды, Саран және Теміртауда жүзеге асады. Мұнда жаңадан кәсіпорындар ашылып, мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ бұл қалалардың экономикасын әртараптандыруға жаңаша серпін бермек. Осы және өзге де өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қарағанды облысында биыл 36 инвестициялық жоба жүзеге асады. Соның ішінде Қарағанды, Саран және Теміртау қалаларында шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылады. Кәсіпорындар ашылып, экономиканы әртараптандыруға жол ашылады. Дербес қала мәртебесін алған Саран шаһары осының жарқын мысалы. Шағын өнеркәсіптік аймақтардың бірі «Кармет Сервис» кәсіпорнында жүзеге асады. Оның жалпы аумағы 20 мың шаршы метр болады. Келешекте Балқаш қаласында «Қазақмыс» компаниясына қарасты бос өндірістік алаңда да өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланған. Бұл облыс экономикасына оң серпін береді.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- 2024 жылы өңірлік өнімдердің жалпы көлемі 9 триллион теңгеден асты. Соның ішінде 45%-і өнеркәсіп саласында. Ал биыл өңірлік өнім көлемін 7%-тен асыруды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы өнеркәсіптік өнім көлемі 2 триллион теңгеге жетті. Өсім8%.

Өңір индустриясын дамытудан бөлек, әлеуметтік сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту бойынша 92 елді мекенде жаңа медициналық нысан биыл салынып бітуі тиіс. Оларға жас мамандар жұмысқа тартылады. Дипломмен ауылға келген дәрігерлерге берілетін көтермеақы 8,5 миллион теңгеге жетті. Облыста жаңа метептер салынып, ескілері кезең-кезеңімен жөнделіп жатыр.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Алты мектептің құрылысы аяқталды. Тағы 8 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде 6-уы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша. Сондай-ақ, 13 мектеп жөнделуде. Ал 2027 жылға дейін 68 оқу өорны күрделі жөндеуден өтеді.

Облыста инженерлік-инфрақұрылымды дамыту жұмысы да белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес ауылдарда 36 сумен қамту нысаны салынады. Соның арқасында 200 мыңнан астам ауыл тұрғыны сапалы тіршілік нәрімен қамтылады. Бұған қоса, жылу жүйелері де жаңғыртылады. Бүгінгі таңда Қарағанды, Теміртау қалаларында 5 мың үйге газ құбыры тартылды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит