Түрік компаниялары агроөнеркәсіпке инвестиция құяды
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне қос бірдей түрік компаниясы инвестиция құятын болды. Бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында екі жоба мақұлданды.
Оның бірі – астықты терең өңдеу кешенінің құрылысы. Зауыт жылына 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақты өңдейтін болады. Инвестициялық құны шамамен 160 млрд теңгені құрап отыр. Екінші жоба – тыңайтқыш пен пестицид өндірісінің кешені. Оның қуаттылығы жылына 150 мың тонна өнім шығаруға лайықталған. Бұл жобаның инвестициялық құны – 168 млрд теңге.
Түрік компаниялары ұсынған екі жоба да ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтуды көздеп отыр. Айта кету керек, Қазақстанда жыл сайын 16-17 млн тонна көлемінде астық өндірілсе, оның үштен бір бөлігі экспортқа жіберіледі. Инвестициялық жобалар қайта өңдеу тауарының 260 түрін дамытып, экономиканы әртараптандыруға үлес қосады.