Шойын жолдың шеберлері
Теміржол саласы - ел экономикасының күре тамыры.
1904 жылы Орынбор - Ташкент магистралі салынғалы теміржол алыс пен жақынды байланыстырған алтын көпірге айналды. Елдегі жетекші көлік жүйесі осыдан 60 жыл бұрын Маңғыстауға да жетті. Бұл желі өңірдің индустриялық дамуына зор серпін берді. Бүгінде аймақта саналы ғұмырын осы салаға арнаған білікті мамандар қызмет етеді.
Жастайынан шойын жол бойында еңбек етіп, өмір жолын осы саламен өрген азаматтар бүгінде нағыз маманға айналды. Солардың бірі Нұржан Жұбанисов. Ол теміржолшылар әулетінен шыққан. Бұл салада 32 жылдан бері тер төгіп келеді. Еңбек жолын небәрі 17 жасында бастап, бүгінде басшылық лауазымға дейін көтерілген.
Нұржан Жұбанисов, «Вагонсервис» АҚ Жолаушылар вагонын жөндеу жөніндегі Батыс аймақтық филиалы Маңғыстау телімі басшысы:
- Біздің станциядан қатынайтын 3 пойыз жүреді. Соларды дайындаймыз. Сосын күнарадан Маңғыстау-Астрахань бағытында жүретін тіркемелі вагондарды дайындаймыз. Бізде әртүрлі ақаулар болып тұрады. Пойыз келгеннен кейін жолға шыққанда ақаусыз шықсын деп артымызда тұрған мамандардың барлығы жұмыс жасайды.
Теміржол қозғалысының кедергісіз әрі қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етіп жүрген жандардың бірі Серік Жанатбаев. Ол балғаның соққысымен пойыз дөңгелегінің ақауын анықтайтын аға вагон қараушысы. Білікті маман бұл қызметке 19 жыл бұрын келген. Еңбек жолын осы телімде көмірші болып бастаған. Сол күннен бері түрлі міндеттерді атқарып, тәжірибе жинаған ол қазір жауапты лауазымды абыроймен атқаруда.
Серік Жанатбаев, вагон қараушысы:
- 18 жыл 8 ай болды жұмыс жасағаныма. Басында көмірші болдық содан келе жатырмыз осы салада. Осы жерде нан тауып жүрміз. Бала-шағамызды асырап. Бізде шаблон бар. Мынандай шаблон. Осымен өлшейміз. Тексеріп, пайдаға аспаса айтамыз пайдаға аспайды деп. Ауыстыруға міндеттіміз уже.
Күніне отызға жуық вагон жіті тексерістен өтеді. Анықталған әр кемшілік дереу тиісті бөлімге жіберіледі. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Себебі шойын жол салғырттықты кешірмейді, дейді сала мамандары.
Дильназ Тұрғазыева