Қарағанды облысында қайтарымсыз грантпен кәсіп ашқандар көбейді

Приозерск қаласында жыл сайын жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін ерекше бизнес жобалар байқауы өтеді.

Жеңімпаздарға қала әкімінің гранты табысталады. Былтыр гүл дүкені, жылыту жүйелерін жабдықтау қызметі  сынды өміршең жобалар іріктелген. Оларға жалпы соммасы 4 500 000 теңге қайтарымсыз қаражат үлестірілді. Ал биыл 6 жас кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды.

Ұлан Алмасұлы, қала әкімінің орынбасары:

- Ұсынылған бизнес жобалардың өзектілігіне, олардың маңыздылығына және қаламыздың дамуы үшін экономикалық тиімділігіне баса назар аударып бағамызды бердік. Комиссия шешімімен 26 бизнес жобаның ішінде 6 жоба іріктеліп, яғни қаламыздың 6 жас кәсіпкері жалпы сомасы 12 миллион теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. 

Мұндай мемлекеттік көмек шалғайдағы қала жастары үшін қажет-ақ. Әлеуметтік жағдайы жақсарып, жұмыссыздар азаяды. «Мансап» орталығы арқылы да шағын кәсіпкерлікке  қолдау бар. Былтыр әлеуметтік осал топқа жататын 10 адамға жеке кәсіп ашуы үшін қайтарымсыз грант берілген. Жалпы қалада тұрақты жұмыспен қамту мәселесі өткір.  

Мақпал Әкімова, қалалық «Мансап» орталығының директоры:

- Былтыр 700-ге жуық азаматты жұмыспен қамтыдық. Оның ішінде тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен. Бізде тұрақты жұмыспен қамту қиындық туғызады. Себебі қалада үлкен кәсіпорындар және зауыт-фабрикалардың болмауына байланысты тұрақты жұмыс орнымен қамту қиындық туғызады. Дегенмен, біз мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалана отырып, уақытша жұмыс орындарын ұсынамыз. 

Қалада 14 мыңға жуық адам тұрады. Бүгінгі таңда 750 адам уақытша және тұрақты жұмысқа тұруға өтінім тапсырған.