Қазақстан биыл экономикалық өсімді 6%-ға жеткізуді жоспарлап отыр
Бұл бағыттағы негізгі қозғаушы күштердің бірі Қазақстан Даму банкі.
Осы жылғы 7 айдың ішінде банк жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жобаларды қаржыландырды.
Елде Қазақстан Даму Банкінің қолдауымен 26 ірі жоба іске асырылып жатыр. Олар машина жасау кешені мен металлургиядан бастап, агроөнеркәсіп пен жасыл энергетиканы қамтиды. Соның арқасында экономикаға 4 трлн теңге түседі деп күтілуде. Нәтижесінде жаңа зауыттар ашылып, экспорт ұлғаяды, салықтық түсім артып, мыңдаған жұмыс орыны құрылмақ.
Марат Елібаев, Қазақстан даму банкінің басқарма төрағасы:
- Біз тек мемлекеттік қаражатпен шектелмейміз, жергілікті және халықаралық капитал нарығынан да мол қаржы тартамыз. Биыл біз капитал нарығынан шамамен 1 миллиард доллар тарттық. Еврооблигациялар шығардық, Қытайдың мемлекеттік даму банкімен 1 миллиард АҚШ долларына келісім жасадық. Сонымен қатар Испанияның Сантандер банкінен және Италияның даму институты CDP-ден де қаражат тарттық.
Даму Банкі іске қосылғаннан бері барлығы 140 инвестициялық жобаны қолдады. Оның ішінде экономикаға нақты пайда әкелетін, әлеуметтік және экологиялық талаптарға сай жобаларға басымдық беріледі. Айта кетейік, бүгінде еліміздегі жасыл энергияның әрбір төртінші киловаты Қазақстан Даму банкінің қатысуымен өндірілген.
Дина Жанаділ, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры:
- Даму жоспарына сәйкес бізде үш стратегиялық бағытымыз бар. Ең біріншіден ұлттық экономикамызға үлесімізді арттыру, екіншіден активтерді тиімді пайдалану және үшінші тұрақты даму саласында, ESG қағидаттарын өзіміздің қызметімізде және қарыз алушылардың қызметіне енгізу.
Бүгінде Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырған өнімдер Орталық Азия елдеріне, Қытай мен Еуропаға экспортталады. Осылайша банк компанияларға сыртқы нарықтарға шығуға және халықаралық тізбектердің бір бөлігі болуға көмектеседі.
Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев