Қазақстан астық экспортын 13 млн тоннаға дейін арттыруға ниетті
Қазақстан Ауғанстанға шығатын теміржол құрылысына 260 млрд теңге құюы мүмкін. Оңтүстік елдермен алыс-берісті үдетуді көздейтін жобаға Таяу Шығыс пен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі серіктер тартылмақ.
Осылайша, Ауғанстан мен Түрікменстан арасындағы Герат станциясына дейін мультимодалды көлік логистикасын қалыптастыру жоспары бар. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Онда тағы не айтылды?
Бақыт Топтаева, тілші:
- Биыл 7 айда шет елдерге 9 млн тоннаға жуық астық пен ұн жөнелтілген. Қазақстан астық экспортының көлемін арттыруға ниетті. Ол үшін саудалайтын елдер тізімін ұлғайту жоспарда бар. Жыл соңына дейін астықтың 13 млн тоннасын сыртқа экспорттау көзделіп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Құрылыс жұмыстарының өсуі 18,5%-ке дейін жеделдеді. 9,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңнен 5,2%-ке артық.
***
Елде инфляция 9-11% деңгейінде сақталады
Рубль бағамы үкіметтің жіті бақылауында. Вице-премьер рубльдің қазіргі құны 6,7-6,8 теңге шамасында екенін атап өтті. Осы ретте Серік Жұманғарин еліміздің шекаралас өңірлерінде ресейліктердің қымбат тауарды жаппай алып жатқанына пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұдан ел экономикасына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Керісінше, тауардың өтімділігі жақсарды. Дегенмен, рубльдің инфляцияға әсерін жоққа шығармады. Вице-премьер осы орайда инфляцияға қатысты болжамын айтты. Үкімет биыл инфляция дәлізін 9-11% деңгейінде ұстамақшы. Келесі жылы 10%-тен жоғарылатпай, төмендету жоспары бар.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Инфляцияға қызмет көрсету саласындағы бағаның өсуі әсер етті. Бұл табиғи монополиялар, яғни, коммуналдық қызмет саласында болған жағдай. Тариф инвестицияға бағдарламасын әзірлегенде қосымша ықпал ететін факторлар болмаған еді. Сондықтан біраз түзету енгізуге мәжбүр болдық. Тариф реформасы биыл инфляцияға үлесін 1,32% деңгейіндегі ұстаймыз деп жоспарлаған едік, қазір оны жарты процентке төмендетіп, 0,8%-ке жеткіздік. Егер бұлай жалғаса берсе, 2026 жылы да қайта қарайтын боламыз.
***
Әлеуметтік желі арқылы табыс табатындар салық төлеуге міндеттеледі
YouTube және TikTok компаниялары елімізде осы платформалар арқылы пайда табатындар туралы есеп беретін болады. Қаржы министрі Мәди Тәкиев бұл ретте Telegram, TikTok арқылы ақылы трансляция өткізіп, пайда көретіндер де салық төлеуге міндеттелетінін еске салды. Бұған дейін Қаржы министрлігі жеті жүзден астам блогерге салық төлеу туралы хабарлама жіберген. Бүгінгі таңда 360-сы жеке табыс салығын төледі. Ал хабарламаны ескермеген жеті блогердің ісі сотқа берілді.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Жалпы жеке тұлға өз бетінше декларация тапсыруы тиіс. Тек сол платформалардың мәліметі қолымыздағы деректерді тексеру үшін керек. Сөйтіп, жеке тұлғаға алдын ала декларацияны тапсыру жөнінде хабарлама жібереміз. Мәселен, 2025 жылы осындай пайда көріпсіз, демек, декларацияда көрсетуіңіз қажет деп ескертеміз.
***
Жеті айда сыртқы экспорт $37 млрд жуықтады
Биыл жеті айда Қазақстан шетке жалпы құны 37 млрд долларға жуықтайтын тауар экспорттаған. Ондағы өңделген өнім құны 13 млрд доллар шамасында. Ал сырттан 29 млрд доллардың тауары әкелінген. Сонымен бірге Серік Жұманғарин салаларға құйылған инвестиция көлеміне тоқталды. Әсіресе, білім беру саласына құйылған қаржы былтырғыдан екі есе өскен. Қаржы секторы мен сақтандыру жүйесіне тартылған инвестиция 90%-ке, өңдеу өнеркәсібіне 39%-ке артыпты.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров