Қазақстан банктерінде несие беру талабы өзгерді

Жарты жылда елдегі банктер жаңа қарыз алушыларға 18,8 трлн теңге несие берді, деп хабарлайды 24kz.

Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 13%-ке көп. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы: «Несие алғандардың басым бөлігі қарапайым халық», - дейді. Әйтсе де, енді банктен қарыз алу қиындайтын сияқты.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Банктер төлем қабілеті төмен азаматтарға қарыз бермеуі мүмкін. Бұл тізімге несие тарихы үш жылға жетпегендер немесе бірнеше қаржы ұйымында өтелмеген қарызы бар жандар, сонымен қатар ай сайынғы кірісінің жартысына жуығын несие өтеуге жұмсайтындар кіреді. Банктер қарыз алушының табыс көзі ресми расталмаса да, шарт жасамауға құқылы. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай жаңашылдықты халыққа жанашырлық деп отыр. Қаулыға сай қаржы ұйымы қарыз алушыны тәуекел тобына қосады, кейін оның қаржылық жағдайын ұдайы бақылап отырады. «Осылайша, туындауы мүмкін мәселенің алдын алады», - дейді мамандар. Банктер қарыз алушының қаржылық ахуалы уақытша ма әлде өте қиын жағдайға тап болды ма, соны бағамдауға міндетті. Кейін соған қарай шешім шығаруы тиіс. Агенттік мұндай өзгерістер борышкерді қарыз шырмауынан құтқарады деп сенеді. Бүгінде 10 банктің 9-ында 90 күннен көп кешіктірілген қарыз көлемі артып кеткен.

Микроқаржы ұйымдары үшін де талап өзгерді. Қыркүйектің бірінен бастап олардың қарыз портфеліндегі 3 айдан көп кешіктірілген берешек лимиті 15% деңгейінде, ал жаңа жылдан бастап 10% деңгейінде белгіленеді. Қазір бұл көрсеткіш 20%-ке тең.

Борышкерлер тізілімінде болуыңыз мүмкін

Ал қарызын өтемей жүргендер арнайы реестрге тіркелетінін білесіз бе? Яғни, сот қарызын өз еркімен өтемеген борышкердің деректерін осы тізілімге енгізеді. Салдарынан азаматтың мүлкі мен есепшотына тыйым салынады. Тіпті елден шығуға мүмкіндік болмайды. Борышкерлер тізіліміне банкке қарызы бар жандар ғана емес, алимент, коммуналдық төлем, салық пен айыппұл төлемегендер де кіреді. Қазір реестрге 16 мыңнан аса заңды тұлға енген. Қарапайым азаматтардың нақты саны жарияланбады. Әйтсе де, тексеріп қойыңыз. Бұл үшін Egov.kz немесе Әділет министрлігінің сайтына жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізу керек. Борышкерлер қатарында болсаңыз, қарызыңызды өтеңіз. Тізім үш күн ішінде жаңарады.

Соттан тыс банкроттыққа сұраныс көп)

Өкінішке қарай қарызын өтеуден қиналатындар көп. Кейінгі екі жылда өзін банкрот деп жариялау үшін жеке тұлғалардан 270 мың өтінім түскен. Оның 12%ғана мақұлданыпты. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, өтінімдердің басым бөлігі талапқа сай болмай шығады. Бүгінге дейін 34 мың жеке тұлға банкрот болды. Оның 10 мыңы бес жыл бойы қарызын өтей алмай келгендер. Мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отырғандары да бар. Салық органдары банкрот болуға ниет білдіргендердің дені ер азаматтар екенін айтады. Қарыз көлемі 200 мың теңге мен 2 млн теңге аралығында. Мамандар борышкерлердің көбіне соттан тыс банкроттыққа жүгінетінін айтады. Бұл көлемі 6 млн теңгеден аспаған және несие бір жыл бойы төленбеген жағдайда қолданылады. Ал сот арқылы банкрот деп танылғанда қарызды өтеу үшін борышкердің мүлкі саудаға шығарылады. Банкроттықтың салдарын да ұмытпаңыз. Бірнеше жыл банктерден қарыз алу құқығынан айырыласыз. Ал келесі банкроттықты жеті жылдан кейін ғана рәсімдеуге рұқсат.

Меруерт Сейсембаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- Көптеген азамат банкроттықтың салдарын түсінеді. Яғни, 3-5 жыл көлемінде несие алу мүмкіндігінен айырыласыз. Бұдан бөлек, өкілетті орган үш жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізеді. Бұл көпшілік үшін ыңғайсыз болуы мүмкін. Бірақ төлем қабілетін жөндеп, қаржылық сауатын арттырған жандар үшін оңайырақ болады.