ШҚО-да майлы дақылдардың жаңа түрлерін егу жолға қойылды
Шығыс Қазақстанда күнбағыс пен дәнді дақылдардың элиталық тұқымдарын өсіру жолға қойылды.
Жаңа сұрыптарды шаруашылықтарда он жылдан бері тексеріп, тәжірибеден өткізіп келеді. Жоғары өнім берген тұқым түрлерін сатып та жатыр. Қазір өнім ішкі нарықтан бөлек Ресейдің 7 аймағына экспортталады. Табысты шаруалардың алдағы жоспарлары туралы өңірдегі тілшіміз айтып береді.
Шығыс Қазақстандағы майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы 7 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Соның бес жүз гектарына күнбағыс тұқымы егіледі. Майлы дақылдың жаңа будандарын өсіру 7 жыл бұрын қолға алынған. Осы аралықта тұқымды өңдеу технологиясына бір жарым миллиард теңге инвестиция салынды. Нәтижесінде шаруашылық қазір гектарына 48 центнер өнім алып отыр. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен үш есе жоғары. Агрокешен басшысы Данияр Әбітаев –танымал агроблогер. АҚШ-та білім алған ол, әлеуметтік желі арқылы өсімдік шаруашылығындағы жаңа тәжірибелерді насихаттайды.
Данияр Әбітаев, майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығының басшысы:
- Бізде тұқымдар кез келген еуропалық өніммен салыстырғанда екі есе арзан. Сапасы жағынан да еш кем түспейді. Тек генетикасы жағынан белгілі бір мөлшерде 10-20 процент төмен болуы мүмкін. Бірақ өнімділік тұрғысынан шетелдік тұқымдармен бірдей дәрежеде.
Бүгінде Қазақстанда төрт жүз мыңға жуық сертификатталған тұқым өсіріледі. Нарықтың кем дегенде 10 пайызын шығыстағы өсімдік шаруашылықтары жауып отыр. Ғылыми ізденістер мен заманауи жабдықтау нәтижесінде агрокешен табысты жұмыс істеп тұр. Мұнда егіс жұмыстарына бірыңғай жаңа техникалар тартылған.
Данияр Әбітаев, майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығының басшысы:
- Заманауи техникалар біріншіден уақытты үнемдейді. Мәселен мына кешен ескі үлгідегі үш техниканың жұмысын атқарады. Күн райын беріп тұрғанда өнімді жауын-шашынға қалдырмай жинап алу үшін әрекет жасап жатырмыз.
Жаңа техниканың өнімділігі де жоғары. Күніне 100 гектар егінді жинайды.
Вячеслав Конышев, механизатор:
- Егін науқаны қазір жақсы жүріп жатыр. Жауын жауған күні жұмыс біраз тоқтап қалады. Мына техниканың жылдамдығы керемет. Бір күнде тоқтамай жүрсеңіз 100 гектарға дән сеуіп шығуға болады.
Бүгінгі таңда қазақстандық өсімдік өсірушілер шетелдік технологияларды игеруге басымдық берген. Мақсат – импортты алмастыру. Ол үшін 2028 жылға дейін отандық тұқым өндірісін 80 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Қазір бұл көрсеткіш 50 процент шамасында.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабаканов