Атырауда мұнай-газ саласында отандық компанияларды қолдау мәселесі талқыланды
Мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды жүзеге асыруда отандық компанияларға басымдық беріледі. Бұл туралы бүгін Атырауда өткен форумда айтылды, деп хабарлайды 24kz.
Келелі жиын өңірде жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы аясында өткізілді. Іс-шараға 500-ден астам қазақстандық компания, мемлекеттік органдар, инвесторлар мен халықаралық серіктестер қатысты.
«Мұнай-газ химиясын дамыту шикізатты терең өңдеуді жандандырып, қазақстандық қамтуды арттыруға жол ашады», - дейді мамандар. Форумда бірқатар келісімге қол қойылды. Сондай-ақ қазақстандық инжинирингтік институттар зауыттың негізгі нысандарын жобалауға қатысатыны белгілі болды. Ал италиялық компания біздің түлектерге арналған инженерлерді даярлау бағдарламасын іске қосатынын мәлімдеді.
Дастан Әбішев, Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың бас директоры:
- Еліміздің экономикасына, әсіресе, Атырау өңіріне үлкен үлесін береді осы жоба. Біріншіден, ол – жұмыс орындары. Екіншіден, көптеген тауарлардың мыңдаған түрлері сатып алынады. Сол тауарлардың барлығын елде сатып алуға барлық жағдай жасауға біз атсалысып жатырмыз. Біздің еліміздің жақсы өндірушілері бар. Олардың бүкіл халықаралық стандарттарға сай өндіретін тауарлары да бар.