Мемлекет басшысы: Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты

Энергетикалық тәуелсіздікті беретін АЭС құрылысы стратегиялық міндет. Алайда еліміз дәстүрлі энергетика көздерін де пайдалануды жалғастырады.

Әсіресе, көмірді игеру тұраламайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Ал қатты отыннан бас тартуға шақыратын сарапшылардың жаһандық климат туралы бастамасын алаяқтыққа балады.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Бағымызға бұйырған қатты отыннан бас тартар жайымыз жоқ. Көмір өндірісінде әлемде ең ірі 10 елдің сапына енеміз. Жылына 113 млн тонна қазылады. «Бұл – біздің активіміз», - деді Президент. Ал, көмірсіз елдер көңілсіз. Өзінде болмаған соң энергияның балама көзін  көзір ретінде көрсеткісі келеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Бұл сөзімді Премьер-министр Олжас Бектенов растай алады. АҚШ президенті Дональд Трамп та жуырда Біріккен ұлттар ұйымында сөз сөйлегенде «Климаттың өзгеруі дегеніміз, бұл – жаһандық алаяқтық» деп дәл солай айтты.

Көмір – зиян. Сөзсіз солай. Бірақ бұрын. Қазір озық технология тазартады. Ал, бағасы жел, күн және газбен салыстырғанда арзан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- АҚШ президенті: «Маған жел ұнамайды, маған көмір ұнайды», - деп өте дұрыс айтты. Расында, жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін.

***

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу керек

Еліміз карбон көздерінен 35 жылдан кейін ғана құтылады. Ресми ұстаным осы. Қазір 118 млрд киловатт энергия өндіреміз. Жеткіліксіз. Жоқтың орнын цифрландыру мен жасанды интеллекті жаба алады. Шешімін таба алады. Президент сол жағын Жолдауында шегелеп айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, шын мәнінде, біздің ұлттық стратегиямыз. Еліміздің болашағы мен оның әлемдегі озық мемлекеттер санатында болуы осы идеяны жүзеге асыруға тікелей байланысты. Жаппай цифрландыру азаматтарымыздың тұрмыс сапасын едәуір жақсартып, Қазақстанның орнықты ғылыми-технологиялық прогресіне берік негіз қалайды. Аталған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне сенімім кәміл.

Ғылым мен технология – құстың қос қанатындай. Қалықтауы үшін қырқылмау қажет. Қазіргідей алмағайып заманда алға сүйрер жалғыз сала сол. Геосаяси ма, басқа ма барлығынан аман шығарады. «Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома»,-деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірақ қытай халқының белгілі пайымдауына сенсек, дағдарыс кезінде жаңа мүмкіндіктер туады. Қазір инвестицияның, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома.

Осы себепті саладағы осал тұсты сылып алуға мемлекет те білек сыбана кіріскен еді. Нәтиже оң. 5 жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция 5 есе өсті. Зерттеу университеттері көбейіп, өндіріспен байланысы нығайып келеді. «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Әлемнің 40 беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнады. Елде 33 филиалы ашылды. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент елеулі істермен бірге ескертуді де ұмытпады. «Өйткені жұртты адастырушы адамдар бар», - деді ол. Жастар соған еріп, араңдатуды көздейтін материалдар жариялайды. Бұлар кім, бәрі белгілі. Тек әзірге жастығына көз жұма қарап келеді. Бірақ бұл жалғасса, «Заң және тәртіп» қағидатына сай құзырлы органдар басқа шара қолдануға мәжбүр. Бұндайда ғалымдардың қоғамда ағарту жұмысын жүргізгені жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет пен әкімдердің қызметінде олқылық мүлдем жоқ деп ешкім айтпайды. Бірақ олар туралы пікір айтқан кезде халықты арандатпай, қоғамды шулатпай, салмақты және саналы пікір айту қажет. Еліміздің тұрақтылығы, бұл – ең маңызды басымдық. Кез келген мәселе жайлы қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде қалыптасу керек.

Мемлекет басшысы барлық шешімдерінің өзекті міндеттерді іске асыруға бағытталатынын айтты. Ұлттық кеңесте негізгі миссиясын да атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің негізгі миссиям – қазіргі алмағайып кезеңде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлеуметтік-экономикалық дамудың берік іргетасын қалау.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу іргелі әрі ұзақ процесс екенін айтты. Бірақ жылдам қимылдап, батыл шешімдер қабылдаудан қорықпау қажет. Сонда ғана тарихи миссияны орындап, жаңа әлемнен лайықты орын табамыз. Сонымен мемлекет 3 жылда толық цифрланады. Президент меже мен міндетті осылай бекітті.

Авторы: Нысаналы Ығыл