Жамбыл облысында екі зауыттың құрылысы басталды
Жамбыл облысында жылына бір миллион тонна қант қызылшасын өңдейтін зауыттың құрылысы басталды.
Байзақ ауданындағы жаңа кәсіпорын елдегі қант өндірісін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Тараздағы индустриялық аймақта ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың құрылысына да пәрмен берілді. Шараға Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімі қатысты.
Болашақ зауыт Ақшолақ ауылында салынып жатыр. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы ірі қант зауыты болмақ. Жобаны қытайлық компания қаржыландырып отыр.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Былтыр рекорд болған қызылшадан. Ондай бұрын болмаған. Бұл барлығы мемлекет тарапынан бөлінген қаржыландырудың мәселесі соның арқасында шешілген. Біріншіден, бұл жерде айта кету керек. Тұқыммен айналыса бастады. Тыңайтқыш сала бастады. Гербицид таңдап, дұрысын алатын болды.
Жобаға шамамен 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Зауыт іске қосылғаннан кейін 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын елді қантпен қамтамасыз етіп қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтады.
Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:
- Биыл 8 айдың қорытындысымен біз өңірге 391 млрд инвестиция алып келдік. Былтырдың осындай кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға өсіп отыр. Үш жылдың ішінде 62 ірі жоба 3,5 млрд теңгеге нақты ірі жобаны іске асырамыз деген жоспарымыз бар. Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына сапарында олар осы ірі жоба зауытты іске қосты. Бұл жел энергетикасын пайдаланатын құрал-жабдықтарды шығару үлкен зауыт іске қосылды. Ол зауыт гондла мен жүздерді шығарады лопасть шығарады жел электр станцияларына.
Ал Тараздағы индустриялық аймақта ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталды. Нысанның іргетасына символдық капсула салынды. Жоспар бойынша мұнда тракторлар мен тіркемелі жабдықтар құрастырылады.
Данияр Сұлтанұлы, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда