Экономиканы нығайтуға үлес қосқан жұмысшы мамандық өкілдері марапатталды

Премьер-министр Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – ел мақтанышы» республикалық форумына қатысты.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан ел экономикасын нығайтуға және дамытуға үлес қосқан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Елде Еңбек күні он жылдан астам уақыттан бері аталып келеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл мерекенің маңызы артып, қоғам дамуының негізі саналатын адал еңбекке деген құрметтің белгісіне айналды. Қазір елімізде шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар, технологтар және басқа да сала өкілдері бар. Сондай-ақ Форум аясында ұйымдастырылған көрмеде Премьер-министр қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындарының өндіріс процесіне озық технологияларды енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты.