Қазақстанда алкогольсіз сусын шығаратын зауыт салынады
Елімізде алкогольсіз сусын түрлерін шығаратын зауыт салынады.
Инвестициялық жобаның құны 216 млрд 300 млн теңге. Ел Үкіметі атынан Ауыл шаруашылығы министрлігі және "Carlsberg Central Asia" компаниясы арасында жасалған келісім шеңберінде тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Халықаралық стандарттарға сай озық технологиялармен жабдықталған заманауи өндірістік кешен Алматы облысының Іле ауданында бой көтереді. Кәсіпорынның қуаты жылына 340 млн литр алкогольсіз сусын шығаруға негізделген. Жаңа зауыттың іске қосылуы отандық агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінің дамуына, сондай-ақ экспорттық әлеуеттің артуына ықпал етеді. Жоба шеңберінде 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады, оның ішінде жұмыс күшінің кем дегенде 85%-ы Қазақстан азаматтары болады.