Темір жолмен жүк тасымалдау бес есе артады

«Достық-Мойынты» темір жолының екінші желісі «Қытай мен Еуропа» дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігін 5 есе арттырады. 

Жол торабы транзиттік әлеуетті жаңа деңгейге көтереді. Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі жол құрылысына 543 млрд теңге жұмсалды. 

«Достық-Мойынты» бағытындағы теміржолдың екінші желісінің ұзындығы 836 шақырым. Желі Жетісу, Абай, Қарағанды облыстарының аумағынан өтеді. Шойын жолды тартуға үш жылға жуық уақыт кетті.

Саят Бакиров, құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары:

- Ерекшелігі осы проектың құрылысына 100% отандық құрылыс материалы пайдаланылды. 600 арнайы техника 3 мың адам бүкіл мердігер ұйымдарды қоса кетсек, 6 мың адам қосылды. Тағы да елімізде бірінші рет өзіміз отандық микропроцессорлық теміржолды басқарудың МПС KZ жүйесін іске қостық. 

Ауқымды жоба теміржолдың мүмкіндігін арттырады. Бұған дейін «Достық-Мойынты» арқылы тәулігіне 12 пойыз жүрсе, енді оның саны 60-қа жетеді. Яғни, тауар тасымалы бес есе өседі.

Айдос Досжанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Облысымыздың мыңнан астам адамы жұмыспен қамтылып, қазір 200-ге тұрақты жұмыс орыны ашылды. Бұл көрсеткіш теміржол саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Теміржол желісі ашылғаннан кейін өзге де инфроқұрылымдар қарастырылатын болады. жаңа көлік логистикалық орын ашылады деген үміттеміз. Сонда біздің өңірдің экономикасы ілгерлейтін болады. 

Екі ел арасындағы алыс-берісті жақсарту жұмыстары сонау тоқсаныншы жылдары қолға алынды. «Достық» станциясы ашылғаннан бергі оң өзгерістерді қарт теміржолшылар жақсы біледі.

Аманбай Төлеуіш, ардагер теміржолшы:

- 1992 жылы 2 пойыздан 3 пойыздан жүре бастады суткасына. Сөйтіп, мынау жүк алу, беру қарқыны ҚХР-мен жылына 10-15% өсіп отырды. Содан 2012-2013 жылдары біз жылына 24 млн жүк алмасатын жағдайға жеттік. Бұл үлкен көрсеткіш.

«Достық-Мойынты» жобасы мұнымен тоқтап қалмайды. Саладағылар енді жаңа желіні қытайдың темір жолымен түйістірмек.

Фархат Исаев, облыстық кірістер департаментінің бөлім бастығы:

- 2022 жылы достықтағы (теміржол бекеті арқылы Достықта орналасқан орташа есеппен 500 теміржол көлігі қатынаса, биылғы таңда 2025 жылы 850-900 темір жол көлігін) құрайды. Осы жобаны Қытай тарапымен келістірген жағдайда бұл көрсеткіш 1650 темір жол көлігін құрайтын болады. 

Көршілес екі елдің темір жолын 2026 жылы жалғау жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқанда тасымалданатын тауар көлемі көбейіп, еліміздің транзиттік әлеуеті еселеп артады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев