БҚО-ның Қытайдағы инвестициялық және сауда өкілдігі ашылды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.

Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек» деп инвестиция тарту бойынша жүктеген міндеттерге сәйкес, Қытайда Батыс Қазақстан облысының “Ақжайық” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Орталық Азия-Қытай орталығының ғимаратында инвестиция және сауда өкілдігі ашылды. Енді Ақжайық өңірі көрші елдің кәсіпкерлерімен еш кедергісіз тікелей байланыс орната алады. Осы арқылы аймақаралық іскерлік қарым-қатынастысты нығайту көзделген. Салтанатты ашылу рәсімі Нанкин қаласында өтті. Оған облыстан барған делегация арнайы қатысты. 

Өкілдік Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігінің қолдауымен Цзянсу провинциясы, Нанкин қаласында Орталық Азия- Қытай сауда орталығында ашылды. Тың бастама еліміз бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Орталықтың жұмысы қытайдың бизнес ортасымен байланысты күшейтіп,  инвестор тартуға, бағытталған.

Ву Цюнь Юй, Soho компаниясының бизнес жөніндегі  хатшысының орынбасары:

- Бүгінгі бастаманың стратегиялық маңызы зор. Бұл қос тарапты байланыстыратын алтын көпір деуге болады. Инвесторлардың ақпарат қолжетімділігі артады. Осының арқасында жобаларды жүзеге асыру мерзімі айтарлықтай қысқарып, жеделдей түседі деп ойлаймын.

Кеңсенің жұмысын аймақ басшысы Нариман Төреғалиев өзі бастап берді. Бірнеше компания жетекшілерімен кездесіп Ақжайық өңірінің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Келіссөздердің нәтижесінде қытайлық тарап екі бірдей зауыт салуға ниет білдірді: Бірі - қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу болса, екіншісі - киік мүйізінен дәрі жасау.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Батыс Қазақстан облысы мен Цзянсу провинциясының арасындағы қарым-қатынасымыз үлкен сеніммен басталды. Біз өзіміздің тарапымыздан қолдау білдіреміз және кездесетін қандай да бір мәселелер болмасын тікелей өзім бақылауда ұстап сіздермен бірлесіп жұмыстанатын боламыз. 

Қытайлар Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынған киік еті мен қоқыс өңдейтін зауыт салуға ерекше қызығушылық білдірді. Олар киіктің етін терең өңдеп мүйізінен дәрі, етінен тамақ, терісінен киім жасауға мүдделі. Ал тұрмыстық қалдықтардан түрлі өнімдер шығарады. Бұл жобалар облыспен бірлесіп жүзеге асырылады.

Дин Хай, Цзянсу Soho Холдингінің вице-президенті:

- Осы айда екі бірдей жұмысшы топ Батыс Қазақстанға барады. Олар киік еті өндірісіне қатысты зерделеу жасайды. Бұған еліміздегі ғылыми зерттеу инстуттарының ғалымдарын тартып отырмыз. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау саласы бойынша мамандар да жолға шығады. Жергілікті жерді зерттеп шикізат құрамы мен көлемін көзбен көрсек дейміз. Салынатын зауыттың көлемі мен қуаты соған тікелей байланысты. 

Сапар аясында қазақстандық делегация ChinaGaz компаниясына барды. Энергетикалық кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктерімен танысты. Олар алдағы уақытта облыс орталығы Орал қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жаңа жылу электр магистралін салу бойынша өз ұсыныстарын берді.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы