БҚО мен Қытай арасында 14 меморандумға қол қойылды

Батыс Қазақстан облысы мен Қытай арасында жалпы құны 134 миллиард теңгені құрайтын 14 меморандумға қол қойылды.

Бұл құжаттар бірқатар сала бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ақжайық өңірінен барған делегация әсіресе шағын және орта деңгейдегі инвесторлардың ұсыныстарына ерекше мән берді. Бизнес өкілдерімен кездесіп маңызды келісімдер жасалды.

Батыс Қазақстан облысы үшін үш күндік сапар нәтижелі болды. Делегация Қытайдың әлемдік деңгейдегі ірі компанияларымен келісім жасап, құжатпен бекітіп алды. Енді өңірге нақты инвестиция келеді. Оған дәлел, алғашқы екі зауыттың қондырғылары Ақжайық өңіріне жөнелтілді. Бұл құрылыстың жақын күндері басталатынын айғақтайды. Екіншіден, Бейжің мен Нанкин қалаларында инвестиция және сауда өкілдігі ресми ашылды. Бұл аймақтың қытайдың бизнес ортасымен тікелей байланыс орнатып, инвестиция көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Үшіншіден, шағын және орта деңгейдегі инвесторлармен жеке келіссөздер жүргізілді. Мұның бәрі Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмасына сай істелген жұмыс. Енді бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталды деуге толық негіз бар. Меморандумға қол қою рәсімі еліміздің Қытайдағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бірқатар компания жетекшілерімен кездесті. Әрбір инвестордың ұсынысын жеке-жеке тыңдап, мемлекеттік жеңілдіктер мен көрсетілетін қолдау шаралары жан-жақты түсіндірілді. Олардың ішінде әлемдік деңгейдегі ірі компаниялар бар. Мәселен, бір ғана Beijing Jinyi Yuanfang холдингінің құрамына 22 холдингтік және 7 еншілес компания кіреді. Жылдық табысы 4,5 миллиард юаньнан асатын холдинг Батыс Қазақстан облысың өндіріс, сауда-саттық, жасыл энергетика, медицина, білім салаларына инвестция салатын болды. Бұл қысқа уақыт ішінде қол жеткізілген келісім.

Нариман Төреғалиев, Батыс қазақстан облысының әкімі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әсіресе өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесіне үлкен күш салып жатырмыз. Бұл 14 жоба да Батыс Қазақстан облысының индустриалды аймағында жүзеге асатын болады. Бүгін кездесуде тағы да осы жобалардың тез арада жүзеге асуына қатысты бірқатар мәселелерді талқыладық.  

Сапар аясында 14 инвестжобадан бөлек қосымша жаңа келісімдер де жасалды. Солардың бірі Орал қаласында жаңадан жылу электр станциясын салу мәселесі. Жобаны қытайлық серіктестер өз қаражатына жүзеге асыруға ниет танытып отыр. 

Ли Сунлин, қытайлық компанияның аймақтық директоры:

- Біз инвестициялауға дайынбыз. Бірақ алдымен зерделеу жұмыстарын жүргізіп алуымыз керек. Осы мақсатта жуырда Қазақстанға біздің компаниядан жұмысшы топ барады. Олар талдау жасап жобасын әзірлейді. Бірлесіп ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын.

Кездесу барысында кадр даярлау ісіне ерекше мән берілді. Себебі осы зауыттар іске қосылғанда заманауи технологияның тілін білетін жұмысшыларға сұраныс артады. Тараптар осы мақсатта бірлескен қазақ-қытай білім беру бағдарламасын іске асыруға уағдаласты.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Бүгінгі күннің жаңа технологиясымен жабдықталған құралдарды пайдала отырып кадр оқыту мәселесін пысықтадық. Өздеріне қажетті кадрларды Батыс Қазақстан облысының азаматтарын дайындау керек екенін және қажет болатын қаражатты өз есебінен шығаруды талқыладық. Олар оған келісіп отыр.

Келіссөз кезінде облыс аумағында логистикалық хаб ашу туралы ұсыныс айтылды. Құны 17 миллиард теңге болатын ірі жоба транзиттік жүк көліктеріне қызмет көрсетуге бағытталады. Сапар аясында Бейжің қаласында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық әлеуметтік корпорациясының екінші инвестиция және сауда өкілдігі ашылды. Аймақ басшысы жауапты қызметке келген жаңа маманды таныстырып нақты міндеттер жүктеді. 

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын